Өзендерде саяси шекара болмайды - Асхат Оразбай Қазақстанның Аралды құтқару қорына төрағалығы хақында
АСТАНА. KAZINFORM - Қаңтар айында Қазақстан Республикасының Орталық Азияның барлық бес мемлекетін біріктіретін бірегей және жалғыз институттандырылған аймақтық ұйым – Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) төрағалығы басталды. Қордың негізін қалаушы барлық мемлекеттермен келісе отырып, бұған дейін Қазақстанның бірқатар елдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған және дипломатиялық салада үлкен тәжірибесі бар Асхат Оразбай 2024-2026 жылдар аралығындағы Қордың Атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Спикер Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан төрағалығының басымдықтары мен міндеттері туралы баяндап берді.
- Құрметті Асхат Тұтқышбайұлы, ең алдымен Сізді Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқарушы комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалғаныңызбен құттықтаймыз. Өзіңіз туралы қысқаша айтып берсеңіз.
- Сұрағыңызға рақмет. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін түрлі салада, шет елдерде жұмыс істедім. Жоғары оқу орнында оқытушы болдым. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде ұзақ жылдар қызмет етіп, Түрікменстандағы, Индонезиядағы (Филиппин Республикасын қоса алғанда) және Ирандағы дипломатиялық миссияларды басқардым. Сондай-ақ, Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Тегерандағы штаб-пәтерінің Бас хатшысы болдым. Дипломатиялык дәрежем - Төтенше және Өкілетті Елші.
- Сіз ХАҚҚ Атқарушы комитетінің төрағасы болып тағайындалғаныңызды қалай қабылдадыңыз? Осы лауазымды атқаратын кезеңге қандай мақсаттар қойдыңыз?
- Менің ойымша, ХАҚҚ Президенті болып табылатын Қазақстан Президенті ғана емес, сонымен қатар Қордың қалған төрт құрылтайшы мемлекетінің басшылары да менің кандидатураммен келісіп, жоғары жауапкершілік жүктеді. Жалпы су шаруашылығы саласындағы, атап айтқанда өңірлік ұйымдағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға сенім білдірді.
Орталық Азия өңірі маған етене таныс. Өзім Өзбекстандағы жоғары оқу орнын бітірдім, Қырғызстанда жас маман болып жұмыс істедім, Қазақстанның Түрікменстандағы елшілігін басқардым, қызмет бабымен Тәжікстанға бірнеше рет бардым.
Менің ХАҚҚ Атқарушы комитетінің төрағасы ретіндегі мақсатым - су шаруашылығы саласында бауырлас елдеріміз арасындағы серіктестікті нығайту, Әмудария мен Сырдарияның трансшекаралық өзендерінің бассейні - бір кездері әлемдегі төртінші үлкен көл болған Арал теңізінің үлкен бассейні. Арал апаты – дүниежүзілік масштабтағы проблема. Арал экологиялық дағдарысының негізгі мәселелерін шешу үшін 1993 жылы ХАҚҚ құрылды.

- Астананың осы Қордағы төрағалығы кезеңінде қандай нақты басымдықтар мен міндеттер қойылды?
- Басымдықтар Қазақстан Республикасының Аралды құтқару қорына төрағалық етудің 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында баяндалғанын атап өткім келеді.
Құжатта келесі міндеттерді шешу жоспарланғаны көрсетілген:
- ХАҚҚ Атқарушы комитетінің қолда бар материалдары негізінде ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жұмысын жалғастыру (2010 жылғы Пікірталас құжаты және Жұмыс тобының 2023 жылғы ұсынымдары);
- 2020-2030 жылдар кезеңінде Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын іске асыру (АТБК-4) және оған жүйелі мониторинг жүргізу;
- 2020-2030 жылдар кезеңінде Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаны орындау (ОА ОДҚОҚӨБ);
- өңірдегі барлық елдердің ирригация, гидроэнергетика және экология салаларындағы мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақмерзімді және орнықты өңірлік ынтымақтастық тетігін құру;
- Арал теңізі бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторингтеудің, басқарудың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеу;
- даму жөніндегі халықаралық әріптестермен, БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен, қаржы институттарымен және донорлық қоғамдастықпен өңірлік ынтымақтастықты нығайту;
- жалпы қабылданған халықаралық табиғат қорғау конвенциялары, іс-қимыл жоспарлары, декларациялар және бірлескен өтініштер шеңберінде ынтымақтастықты дамыту.
Біздің ұйымның маңызды аспектісі - қызметтің ұжымдық және алқалық сипатта екендігі. ХАҚҚ-ның Атқарушы комитетінде төрағалық ету кезеңіне арналған жұмыс жоспарын дәстүрлі түрде барлық құрылтайшы мемлекеттердің ресми өкілдері дайындап, Басқарма отырысында қабылдауға шығарады. Бұл Басқарманың мүшелері - үкімет басшыларының су ресурстары мен экология мәселелерінежауапты орынбасарлары. Барлық шешімдер консенсуспен қабылданады, яғни әрбір дауысқа ескеріліп мән беріледі.
- Асхат Тұтқышбайұлы, ХАҚҚ-ның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру үдерісіне тоқталып өтсеңіз.
- ХАҚҚ қызметін жетілдіру мәселелеріне келетін болсақ, бұл өте күрделі, көп кешенді үдеріс, біртіндеп ілгерілеп келе жатқанын атап өткім келеді, барлық тараптар қызығушылық танытып жұмысқа белсенді қатысады.
Ауқымы мен ерекшеліктеріне тоқталып өтсем. Біріншіден, бес елдің де географиялық жағдайы әртүрлі, әр елдің көздеген өз мүддесі бар. Сусыз тіршілік жоқ. Су болмаса, өмір жоқ, даму жоқ.
Екіншіден, 30 жыл ішінде ХАҚҚ тармақталған ірі өңірлікұйымға айналды. Біздің құрылымға Атқарушы комитеттен басқа, негізгі жұмыс органы ретінде Ғылыми-ақпараттық орталық кіреді. Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясы (МСҮК), Хатшылық, «Әмудария» және «Сырдария» бассейндік су шаруашылық бірлестігі, Ғылыми-ақпараттық орталығы мен хатшылығы бар Орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссия (ОДМК), Орталық Азияның өңірлік гидрология орталығы және т.б. кіреді.
Үшіншіден, көріп отырғаныңыздай, ХАҚҚ – бұл құзыретіне су ресурстары ғана емес, қоршаған ортаны қорғау мәселелері кіретін ұйым, әлеуметтік-экономикалық блок. 2022-2023 жылдары елдер гидроресурстарға назар аудара отырып, энергетика саласын жеке блок ретінде қосуға келісті. Тәжікстан мен Қырғызстан жаңа ГЭС салу арқылы гидроэнергетиканы дамытуға мән беруде.
ХАҚҚ қызметін жетілдіру жөніндегі жұмыс 2009 жылы Алматы Саммитінен кейін басталса, оған Түрікменстан арнайы жұмыс тобын құру туралы бастама көтерген 2018 жылы жаңа серпін берілді, бұл, Тәжікстан төрағалық еткен кезеңде де жалғасын тапты.

- Сіз АТБК-4 іске асыру және ОА ОДҚОҚӨБ іске асыру жөнінде айтып өтсеңіз.
- Екі өңірлік бағдарлама да 2-3 жыл бұрын ХАҚҚ Басқармасының тиісті шешімдерімен қабылданған, 2030 жылға дейін іске асырылмақшы. Ұлттық және бірлескен екі және көпжақты жобалар көзделетін негізгі жұмыс құжат десек те болады. Жобалар консенсус арқылы таңдалды.
Мәселен, ПБАМ-4-те төрт бағыт қарастырылған: су ресурстарын кешенді пайдалану, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, институционалдық - құқықтық тетіктерді жетілдіру. Мұнда 30-дан астам жоба жинақталған. 4-ші Бағдарлама негізінен таулар мен мұздықтардан бастап, сағалар мен Арал маңына дейінгі мәселелерді шешуге бағытталған, ең өзекті жобалардың жинағы.
ОА ОДҚОҚӨБ орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссиядағы (ОДМК) ынтымақтастық шеңберінде дайындалды. Бұл құжатта қоршаған ортаны қорғау саласындағы табиғи апаттар, климаттық өзгерістер, құрғақшылық, сел және су тасқыны, шөлейттену, экожүйелер дағдарысы мен биоәртүрлілік сияқты маңызды мәселелерге назар аударылады.
Біздің міндетіміз - осы бағдарламалардың жобаларын іске асыру, Арал теңізі бассейніндегі елдердің ғана емес, сонымен қатар даму бойынша халықаралық серіктестеріміздің де назарын аударып қаражатын тарту. Күш-жігерімізді жұмылдырсақ, жағдайды жақсарта аламыз, өкінішке орай, климаттың өзгеріске ұшырағанына қарай (біздің өңірде жылыну үдерістері әлдеқайда қарқынды жүреді) жаңа сын-тегеуріндер туындайды.
Менің ойымша, ХАҚҚ-ның болашағы зор, өйткені ол іс жүзінде бұл өңірдегі жалғыз ұйым. Біз бұл сынақтарға қарсы тұра аламыз. Мыңдаған жылдар бойы тіршілік нәрі болып келген өзендер мен экология тақырыбында саяси шекара жоқ.
- Асхат Тұтқышбайұлы, мазмұнды сұхбат үшін көп рақмет. Сізге ХАҚҚ-да табысты төрағалық етуді, ал Қордың өзіне Орталық Азия халықтары мен мемлекеттерінің игілігі үшін одан әрі дамуды тілейміз.
- Біздің өңірдегі және ХАҚҚ су ынтымақтастығы мәселелеріне назар аударғаныңыз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіз.