«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы 2700-ге тарта мұнайшы балаларын жазғы демалыс -сауықтыру орталықтарына аттандыруда

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұнайшылардың балаларын жазғы демалыс маусымы басталысымен демалыс -сауықтыру орындарына жіберуді «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жылдағы дәстүрге айналдырған.
Биылғы жылы бүлдіршіндердің бір тобы «Кендірлі» аймағындағы «Желкен» ақшатырына жіберілсе, Арқа төсіндегі «Сұңқар» демалыс орнына төрт кезеңге 146 баладан бөлініп, 582 бала демалуда.
Сондай-ақ, Бурабай маңындағы «Приозерный» ақшатыры мен Алматы маңындағы Қарғалы аймағына орналасқан «Келешек» ақшатырына қыркүйек айына дейін жаңаөзендік 440 бүлдіршін демалып қайтпақ.
Ақтаудағы «Шағала» шипажайы да биыл жаңаөзендік өрендердің игілігіне берілген. Онда тек Жаңаөзеннің өзінен 610 бала бес кезеңмен демалады. Әр кезеңде 122 баладан болады.
«Әлеуметтік саланы алдыңғы орынға қойған «Өзенмұнайгаз» ӨФ әкімшілігінің ерік- жігері арқасында осы жылы 2700-ге тарта мұнайшы балалары демалысын еліміз бен шет елдің ең көрікті орындарында өткізуін бастап кетті. Украинаның Қырым аймағындағы демалыс орындарымен байланыс орнатып, «Таврида» демалыс кешенінде үш кезеңмен 436 баланы демалдыруға шарт жасалды. Онда қазір 147 бала демалып жатыр. Жолдама мен жол шығыны тегін, барлығын өндірістік филиал көтеріп отыр» - дейді «Өзенмұнайгаз» ӨФ әлеуметтік даму бөлімі бастығының орынбасары Әлия Қалиева.