Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесі қайта қаралады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрддің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 22-ші отырысының негізгі тақырыбының бірі — өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесі болды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам — жаңа Салық кодексіндегі экономикалық белсенді азаматтардың жаңа санаты. Оған дербес қызмет көрсететін немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жұмыс істейтін, жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын және салық заңнамасында белгіленген шарттарға сәйкес келетін жеке тұлғалар жатады.
Бұл ретте қолданыстағы заңнама өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызбайды. Нәтижесінде, шағын және орта бизнестің ресми статистикасы азаматтардың бұл санатын есепке алмайды. Бұл Салық пен Кәсіпкерлік, Әлеуметтік кодекстер арасында құқықтық қақтығыс тудырады. Дәл осы мәселе Жобалық кеңсенің қатысушыларына талқылауға шығарылды.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, рұқсат етілген тізбе бойынша қызметті жүзеге асыратын, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын және айына 300 АЕК-тен аспайтын табыс алатын жеке тұлғалар қолдана алады. Осы режим аясында тек әлеуметтік төлем төленеді, ол бар-жоғы — 4%.
Жаңа режим қазірдің өзінде сұраныстың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, жыл басынан бері 688,8 мың өзін-өзі жұмыспен қамтушы тіркелген. Оның ішінде 597 мың адам (87%) цифрлық платформалар (Яндекс, Enrive, Wolt және басқалар) арқылы жұмыс істесе, 91,5 мың адам (13%) қызметін өз бетінше жүзеге асырады.
Бұл ретте 84,2 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бұрын жеке кәсіпкер болған. Ал 546,4 мың адам бұрын кәсіпкер ретінде тіркеуде болмаған. Осылайша, жарты миллионнан астам азамат алғаш рет ресми жұмыспен қамту секторы мен салық жүйесіне кірді.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар бұдан әрі талқылау өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесін анықтауды талап ететінін атап өтті. Өзін-өзі жұмыспен қамту экономикалық қызметтің дербес нысаны, кәсіпкерлікке көшудің аралық кезеңі немесе жұмыспен қамтудың ерекше санаты екендігін анықтау қажет. Кәсіпкерлік және Әлеуметтік кодекстердегі одан әрі реттеу осыған байланысты болмақ.
Отырыс барысында Ұлттық экономика министрлігі ЕАЭО елдерінің тәжірибесіне шолу жасады. Беларусь пен Өзбекстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жұмысшыларды жалдай алмайды. Бұл ретте Өзбекстанда олар кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайды. Арменияда микрокәсіпкерлік режимі бар. Ресейде кәсіптік табыс салығын қолданатын жеке тұлғалар шағын және орта кәсіпкерлік жүйесіне енгізілген. Дегенмен салық заңнамасында «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» термині қолданылмайды.
Талқылау қорытындысында Әлеуметтік және Кәсіпкерлік кодекстерде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін бекітуге қатысты өзгерістерді ағымдағы түзетулер пакетіне қоспау туралы шешім қабылданды. Бұл мәселені қарауға келесі жылы жаңа режимді қолдану тәжірибесі қалыптасып, оның жұмысының нәтижелері жинақталған кезде оралу жоспарлануда.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылар үшін электр энергиясының теңгерімдеуші нарығындағы операцияларға салық салу мәселесін қарады.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы сағаттық есепке алумен нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Электр энергиясының жоспарлы және нақты көлемі арасындағы ауытқулар бойынша барлық есептеулер «Қазақстандық электр энергиясы мен қуаты нарығы операторы» АҚ арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар қолданыстағы ереже өнімді бөлу туралы келісім бойынша жұмыс істейтін нарық қатысушылары кейбір жағдайда электр энергиясын сатып алу шығынынан теріс теңгерімсіздік асып кеткен кезде өтемақы алмайтындығын қарастырады. Отырысқа қатысушылар осы мәселені де заңнамалық реттеудің қажеттігін атап өтті.