Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа салық енгізіле ме — министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке салық қарастырылмайды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
БАҚ-та жарияланған ақпаратқа байланысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке табыс салығын (ЖТС) енгізу мәселесі қазіргі уақытта қаралып отырмағанын жеткізді.
Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында салық заңнамасын жетілдіруді талқылау барысында қатысушылар өзін-өзі жұмыспен қамту институтын одан әрі дамытудың түрлі тәсілін қарастырған еді. Пікір алмасу кезінде реттеудің кейбір ықтимал нұсқалары туралы да айтылған. Бірақ бұл мәселе алдағы кезеңнің еншісіндегі сараптамалық пікірталастың тақырыбы ғана болуы мүмкін.
— Ал бүгінгі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ЖТС енгізу бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ. Бұл алдағы кезеңнің де күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Жаңа Салық кодексінің шеңберінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін тек әлеуметтік төлем төлеу көзделген, барлығы 4% (табыс айына 300 АЕК-тен аспайтын жағдайда, қызмет жалдамалы жұмыскерлерді тартпай жүргізіледі және рұқсат етілген тізбеге кіреді), — делінген хабарламада.
Еске салсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесі мәселесі биылғы 21 шілдеде Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген жобалық кеңсенің отырысында қаралған болатын. Оның қорытындысында Әлеуметтік және Кәсіпкерлік кодекстерге өзгерістерді ағымдағы түзетулер пакетіне қоспау туралы шешім қабылданды.
Министрліктің мәліметінше, бұл мәселені қарауға жаңа режимді қолдануда жеткілікті тәжірибе жинақталып, оның жұмыс нәтижесі талдағаннан кейін, келесі жылы оралу жоспарланып отыр.
Осыдан бұрын Үкіметте жұмыссыздар мен NEET жастарын жұмыспен қамту мәселесі қаралғанын жазғанбыз.