Пәкістан қақтығысты ушықтыруды көздемейді — елші Науман Башир Бхатти
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Науман Башир Бхатти елордада брифинг өткізіп, Джамму мен Кашмирдегі қазіргі ахуалға пікір білдірді және өз елінің ресми ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

− Пахалгамдағы оқиғадан кейін Үндістанның арандатушы әрекеттерінің салдарынан аймағымыздағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер төніп отыр. Пахалгам Үндістан заңсыз басып алған Джамму мен Кашмир аймағында орналасқан. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің көптеген қарарына сәйкес, Джамму мен Кашмир халықаралық деңгейде даулы аумақ деп танылған. Джамму мен Кашмир мәселесінің шешілмеуі Оңтүстік Азиядағы тұрақсыздықтың басты себебі болып қала береді, — деді елші.
Оның айтуынша, Пәкістан терроризмнің барлық түрін айыптайды. Пахалгамдағы оқиғадан кейін бұл ел адамдар өлімі үшін алаңдаушылық білдіріп, бұл істі бейтарап тергеушілердің тәуелсіз тексеруіне шақырған.
− Біз Пахалгамдағы оқиғаға Пәкістанды байланыстыру әрекеттерімен келіспейміз. Пәкістанның бұл оқиғаға еш қатысы жоқ әрі одан еш пайда таппас еді. Алайда оқиғадан санаулы минут өткенде-ақ Үндістан бізді дәлелсіз айыптай бастады. Әлі күнге дейін Үндістан үкіметі бірде-бір нақты дәйек келтірген жоқ. Бұл мәселеге Үндістан ішінде де, халықаралық қауымдастық тарапынан да көп сұрақ туындап отыр, — деді Науман Башир Бхатти.
Сонымен бірге, елші Үндістан басшылары мен ақпарат құралдары жылдар бойы Пәкістан туралы жалған пікірлер таратып келе жатқанын, Пахалгам сынды оқиғаларды пайдаланып, Пәкістанды қаралау арқылы саяси мүдделерін ілгерілетуді, өңірдегі үстемдікке ұмтылуды, исламофобиялық көзқарасты насихаттауды көздейтінін жеткізді.
− Үндістан Пәкістан аумағында мемлекеттік терроризммен және мақсатты түрде кісі өлтірумен айналысуды жалғастырып келеді. Тіпті, өз қылмыстық операциялары мен террорлық актілерін дәріптейді. Пәкістан Үндістан тарапынан жоспарланып, үйлестіріліп, қаржыландырылатын терроризмге қарсы күрес жүргізіп отыр. Пахалгамдағы оқиғадан кейін Пәкістан күштері елдің батыс шекарасында және ішкі аумағында Үндістан қолдап-қаржыландырған бірқатар террористік әрекетті дер кезінде тоқтатты, − деді Науман Башир Бхатти.
Сондай-ақ ол Пахалгамдағы оқиғадан кейін Үндістан Министрлер кабинеті Қауіпсіздік комитеті қабылдаған әрекеттерді заңсыз әрі аса жауапсыз деп айыптады. Атап айтқанда, елші Инд өзені туралы келісімді тоқтату әрекетіне назар аударды. Пәкістан бұл қадамды халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы деп есептейді.
− Пәкістанда 240 миллионнан астам халық бар және еліміз өзендердің төменгі ағысында орналасқандықтан Инд суы туралы келісіммен реттелетін су ағындарына тәуелді. Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Инд суы туралы келісімде жазылған Пәкістанға тиесілі су ағысын тоқтату немесе өзгертуге бағытталған кез келген әрекет сондай-ақ төменгі ағыс құқығын басып алу агрессия ретінде қарастырылатынын және оған ұлттық күш-қуаттың толық ауқымын қолданып жауап берілетінін ашық мәлімдеді. Пәкістан қақтығысты ушықтыруға ұмтылмайды. Алайда соңғы күндері Үндістан тарапынан жасалған іс-қимыл мен риторика — асқан жауапсыздық, − деді Елші.
Пәкістан өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайды. Алайда Үндістан тарапынан агрессия әрекеті болған жағдайда, Пәкістан өз егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға барынша дайын және БҰҰ Жарғысының 51-бабында бекітілген өзін-өзі қорғау құқығын толық қолдануға ниетті.
Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері 2025 жылғы 22 сәуірде Джамму мен Кашмирде жасалған террористік шабуылды қатаң түрде айыптаған еді. Кеңес мүшелері қаза тапқандардың отбасыларына және Үндістан мен Непал үкіметтеріне көңіл айтты және жараланғандардың тезірек сауығып кетуіне тілек білдірді.
Қауіпсіздік Кеңесі жұма күні жариялаған мәлімдемесінде терроризмнің барлық түрі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін ең елеулі қатерлердің бірі болып қала беретінін баса айтты. Кеңес мүшелері бұл қылмыстық әрекетті ұйымдастырушыларды, орындаушыларды және қаржыландырушыларды жауапқа тартуға шақырды. Сондай-ақ халықаралық құқық пен Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес кінәлілерді жазалау мақсатында барлық мемлекетті белсенді ынтымақтастық жасауға үндеді.
Айта кетейік, 22 сәуірде танымал Пахалгам қаласында қарулы топ теракт жасаған болатын. 25 Үндістан азаматы мен бір Непал азаматы қаза тауып, көп адам жараланды.
Үндістан билігі Джамму мен Кашмирде жаппай тінту жүргізіп, 1500-ден астам адамды жауап алу үшін қамауға алды. Күдікті содырларға тиесілі 10 үй қиратылды.
Полицияның мәліметінше, шабуыл жасады деген төрт адамның үшеуі анықталды: екеуі Пәкістан азаматы және біреуі Үндістан басқаратын Кашмир азаматы. Төртінші туралы әзірге ақпарат жоқ. Тірі қалғандардың көбі содырлардың үнділік азаматтарды арнайы нысанаға алғанын айтады.
Шабуылға жауапкершілік Пәкістандағы «Лашкар-е-Тайба» ұйымымен байланысы бар Resistance Front деп аталатын шағын топқа жүктелді. Алайда кейінірек ол өзінің шабуылға қатысы барын жоққа шығаратын мәлімдеме жасады.