Пәкістан қорғаныс министрі: екі ел арасындағы шиеленістің өршуі ядролық соғысқа әкелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Хаваджа Мұхаммад Асиф Нью-Дели үкіметі Пәкістанды ядролық соғысқа итермелейтін болса, онда Үндістан зардап шегетінін ескертті, деп жазды Анадолы агенттігі.

Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асиф Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің артуы ядролық соғыс қаупін тудырып отырғанын мәлімдеді.
Geo News телеарнасына берген сұхбатында Асиф 26 адамның өмірін жалмаған терактіден кейін Үндістанмен қарым-қатынастағы шиеленіс туралы пікір білдірді.
Екі ел арасында ядролық соғыс қаупінің бар екенін атап өткен Асиф:
«Егер олар (Үндістан) өңірде ауқымды соғыс бастап, қауіп төнетін болса, онда ядролық соғыс кез келген сәтте басталып кетуі мүмкін», – деді.
Сондай-ақ Асиф Нью-Дели үкіметі Пәкістанды ядролық соғысқа итермелесе, Үндістанға оңай болмайтынын ескертті.
Үндістанның Пәкістанға жасаған шабуылы
6 мамырда Үндістан 22 сәуірде Пахалгам аймағында болған терактінің қарымтасы ретінде Пәкістан мен оның бақылауындағы Азад Кашмир аумағына зымыран соққыларын жасады. Аталған теракт кезінде 26 адам қаза тапқан болатын.
Үнді армиясы «террористік құрылымдар» деп сипатталған 9 нысанаға соққы берілгенін хабарлады. Ал Исламабад әкімшілігі шабуылдан бейбіт тұрғындарға тиесілі 6 нысан зардап шеккенін және соның салдарынан 26 адамның көз жұмғанын мәлімдеді.
Екі тарапта да қаза тапқандар саны арта түсті.
Пәкістан әскерилері Үндістанға тиесілі 5 жойғыш ұшақты атып түсіргенін хабарласа, Нью-Дели бұл мәліметті растамады.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди министрлер кабинетінің отырысында бұл әскери шабуылдарды «Синдур операциясы» деп атап, оны «мақтаныш сәті» деп бағалады. Хинди тіліндегі «синдур» сөзі инду дінін ұстанатын тұрмыстағы әйелдердің маңдайына жағатын қызыл ұнтақты білдіреді.