Пәкістан мен Ауғанстанда су тасқыны салдарынан 135 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістан мен Ауғанстанда қолайсыз күн райы жүздеген адамның өмірін қиды. Негізінен пәкістандық фермерлер бидай орып жатқан кезде үстіне жай түсіп, қаза болды, деп хабарлайды CBS News.

Құрбандар
Фото: cbsnews.com

Пәкістанның түрлі аймақтарында 71 адам қаза тауып, 67 адам жарақат алды. Ең көп зардап шеккен аймақ – елдің солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясы. Тұрғын ғимараттардың опырылуы салдарынан онда 32 адам қаза тапты. 

Хайбер-Пахтунхвада қаза тапқандардың арасында 15 бала мен бес әйел бар, тағы 41-і жарақат алған. 1370 үй зардап шекті. 

Елдің шығысындағы Пенджаб провинциясында 23 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Елдің оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында 8 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алды. Кашмирдің Пәкістанның бақылауындағы бөлігінде де күрделі жағдай орын алған. 8 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды, 47 үй қирады.

Синоптиктердің болжамынша, 29 сәуірге дейін елде қатты жаңбыр жауады. 

Ауғанстанда табиғи құбылыс салдарынан қаза тапқандар саны 66 адамнан асты. 600-ге жуық үй қирап қалды. Су тасқыны мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптарын зақымдады. Құтқару жұмыстары жалғасуда. Бір күн бұрын елде жауаған жауын-шашын мөлшері жылдық нормаға жетті. Су тасқыны салдарынан ел астанасы Кабул мен басқа 20 провинция зардап шекті.

Соңғы жаңалықтар