Пәкістанда автобус шатқалға құлап, 40 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның Белуджистан және Хайбер-Пахтунхва провинцияларының шекарасында жолаушылар автобусы шатқалға құлап, кемінде 40 адам қаза тапты, тағы сегізі жарақат алды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі DAWN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жол апаты жұма күні таңертең болған.
Rescue 1122 құтқару қызметінің мәліметінше, автобуста 48 адам болған. Зардап шеккендер Жоб қаласының аудандық ауруханасына жеткізілді. Қаза болғандардың мәйіттері де осы медициналық мекемеге жеткізілген.
Жоб қаласындағы жедел әрекет ету орталығының басшысы Санаулла Шеранидің айтуынша, автобус шамамен 21–24 метр биіктіктен шатқалға құлаған. Таулы әрі жетуі қиын жер бедері құтқару жұмыстарын едәуір қиындатқан.
Жергілікті биліктің мәліметінше, автобус Кветта қаласынан 36 жолаушымен шыққан. Алайда жолда бұзылып қалған басқа автобустың жолаушыларын да мінгізген. Соның салдарынан көлік шамадан тыс жүктелген.
Белуджистан провинциясының бас министрі Сарфраз Бугти жол апатының себептерін анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырды.
Пәкістанның Премьер-министрі Шехбаз Шариф пен ел президенті Асиф Әли Зардари қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы сондай-ақ зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.
Бұған дейін Пәкістанда жанкештінің полиция бекетіне жасаған шабуылы салдарынан 15 полиция қызметкері қаза тауып, тағы үш адам жараланғаны хабарланған болатын.