Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Пәкістандағы нөсер жауыннан 13 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанда толассыз жауған муссондық жауын салдарынан 13 адам қаза тауып, тағы 37 адам жарақат алды. Нөсерден тұрғын үйлер қирап, елді мекендерді су басты. Билік алдағы күндері табиғи апат қаупі сақталатынын ескертті, деп хабарлайды Анадолы.

Проливные дожди в Пакистане унесли жизни 13 человек, десятки пострадали
Фото: Anadolu

Соңғы бір тәулікте елде нөсер жауынның салдарынан 13 адам көз жұмып, 37 адам түрлі жарақат алған.

Пенджаб провинциясының Rescue 1122 авариялық-құтқару қызметінің өкілі Мұхаммед Фаруктың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты болған оқиғалардан сегіз адам қаза тауып, 37 адам зардап шеккен. Олардың қатарында ғимараттардың опырылуы мен су басу оқиғалары бар.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Оңтүстік Вазиристан ауданында нөсерден тұрғын үйдің шатыры опырылып, бір отбасының төрт мүшесі мерт болған.

Гуджарат провинциясында да қолайсыз ауа райының салдарынан бір адам қаза тапты.

Пәкістанның Табиғи апаттардың зардаптарын жою жөніндегі ұлттық басқармасы 21–24 шілде аралығында ел аумағында кенеттен болатын су тасқыны мен көшкін жүру қаупі бар екенін ескертті.

Маусымнан қыркүйекке дейін Оңтүстік Азияға келетін муссондық жауын жыл сайын өңірде ауқымды табиғи апаттарға себеп болады. Әсіресе Үндістан мен Пәкістанда мұндай құбылыстар жиі қайталанады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Павлодар облысында дауылдан 49 тұрғын үй бүлінді.