Пәкістандағы пойыз жарылысы: 24 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында жексенбі күні жолаушылар пойызында болған жарылыс салдарынан кемінде 24 адам қаза тауып, тағы 82 адам жарақат алды. Бұл туралы аты-жөнін жарияламаған полициядағы дереккөздерге сілтеме жасап, Синьхуа агенттігі хабарлады.
Мерекеге байланысты үйлеріне қайтып бара жатқан құқық қорғау органдары қызметкерлері отырған пойыз Кветтадағы әскери лагерьден шыққан. Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 08:05-те жарылыс болған, деп мәлімдеді дереккөздер.
Жарылыс салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кеткен, олардың екеуі өртенген. Сондай-ақ жақын маңда тұрған көліктер де зақымданған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында әйелдер мен балалар бар екені айтылды.
57 жаралы әскери госпитальға, тағы 25 адам Кветтадағы азаматтық ауруханаға жеткізілген.
Алдын ала тергеу нәтижесіне сәйкес, жанкешті 70 келіден астам жарылғыш зат тиелген автокөлікті жарып жіберген, деп хабарлады дереккөздер.
Бұған дейін Пәкістанда жанкештінің шабуылынан 15 полицей қаза тапты.