Пәкістандық әскерилер Үндістанмен шекарада оқ жаудырды

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан әскерилері сенбіден жексенбіге қараған түні Үндістанның Джамму және Кашмир одақтық аумағындағы бақылау сызығында оқ жаудырды, деп хабарлайды ТАСС

Пакистанские военные открыли огонь на границе с Индией
Фото: globallookpress.com/IMAGO/Matrix Images

Бұл туралы Үндістанның PTI агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Шекарадағы атыс Тутмари-Гали және Рампур аудандарында тіркелді. Үндістан армиясының әскери қызметкерлері жауап ретінде «шағын қарудан оқ» атты, деп мәлімдеді дереккөздер.

Құрбандар туралы ақпарат түспеді.

PTI атап өткендей, Джамму және Кашмирдің Пахалгам қаласында болған террорлық шабуылдан кейін Үндістан-Пәкістан шекарасындағы бітімгершілік туралы келісім осымен үшінші рет бұзылып отыр.

Еске салсақ, 22 сәуірде Пахалгамда қаруланған адамдар туристерге оқ жаудырып, салдарынан 26 адам қаза тауып, көптеген адам жарақат алды. Үндістан шабуылға Пәкістанды айыптап, жауап ретінде «Инд сулары туралы келісімді» тоқтата тұрды, пәкістандық дипломаттарды шығарды және Пәкістан азаматтарына виза беруді тоқтатты.

Өз кезегінде Пәкістан айыптауларды жоққа шығарып, Исламабадтағы үндістандық дипломаттар санын шектеді, су ресурстарына кез келген араласуды соғыс актісі деп санайтынын мәлімдеді, Үндістанмен сауданы тоқтатты және әуе кеңістігін жапты.

Дегенмен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф 22 сәуірде Үндістан қоластындағы Джамму мен Кашмирдің Пахалгам аймағында болған террорлық шабуылды «бейтарап және ашық» тергеуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Үндістанның Премьер-министріне көңіл айтты.

БҰҰ Бас хатшысы Үндістандағы қарулы шабуылды қатаң айыптады.

Соңғы жаңалықтар