Палата Төрағасының орынбасары парламенттік қызметкерлерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Онда ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Парламент қызметкерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Палата Төрағасының орынбасары тарих қойнауына еніп бара жатқан 2009 жыл өте күрделі жағдайда өткенін, әлемдік қаржы дағдарысы алаңдатып отырған заманда елдің еңсесі түспей, қиындықтан шыға білгенін айтып өтті.
Елбасының сындарлы саясаты мен халқымыздың ынтымағы арқасында жас мемлекетіміз барша қиындықтарды жеңіп отырғанын, Қазақстан мемлекеті бұл жылды табыспен аяқтады деуге толық негіз бар екенін жеткізді.
Ж.Кәрібжанов ел Президентінің сөзін келтірді. Желтоқсанның 25-і күні Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Жаңажылдық балда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Онжылдықтар, жүзжылдықтар өтер. Қазақстанымыз ел болып көркейіп, мәңгі тұра берер, сол кезде мемлекетті құрған қиын-қыстау күндерде кімдер болды дегенде, халық бізді есіне алатын болады. Ел басқарған адамдардың жанында кімдер болды дегенде, бүгінгі Парламент депутаттарын, Үкімет мүшелерін, Президент пен Үкімет аппаратын, Астанамызды салып жатқан қала әкімдігі аппаратын, мәслихатты, осы тұрған баршаңызды еске алады. Әрқайсымыз туралы елу жылдан кейін жазады, іздейді, тарихи ізденіс болады. Міне, біз сондай кезге тап келген бақытты ұрпақпыз. Тәуелсіздікті 18 жылға жеткізген ұрпақпыз. Баршаларыңызға шын жүрегіммен менің жанымда болғандарыңыз үшін рахметімді айтамын»,- деді.
Осы Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірген Мемлекет басшысы барша Қазақстан елін Жаңа жылмен құттықтай келіп, алдағы жыл - Барыс жылы екенін, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму символына таудың шыңында мекен ететін барыс аңын таңдағанын, Барыс жылы бізге табыс пен бақыт әкелуі тиіс екенін айтты.
Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етеді. Бұл елдің абыройын көтеретін миссия екені анық.
«Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Дендеріңіз сау болсын! Отбасыларыңызда бақыт-береке болуына тілектеспін!»,- деді Ж.Кәрібжанов.
Сондай-ақ Мәжіліс Аппараты Редакциялау және аударма бөлімінің қызметкері, халық ақыны Қонысбай Әбіл сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтады. Осы салтанатты шараны қорытындылаған ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Басшысы Ерген Дошаев мемлекеттік қызметшілерге жаңа жылда табысты қызмет етуіне тілектестігін білдірді.