Палестина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында туын алғаш рет көтермек
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағы (ДДСҰ) Палестина делегациясы дүйсенбі күні осы БҰҰ құрылымында өз туын көтеру құқығын алды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Агенттіктің мәліметінше, Палестина делегациясы бұл оқиғаны халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуға бағытталған шағын жеңіс ретінде бағалады.
Бұл бастаманы Қытай, Пәкістан, Сауд Арабиясы және басқа да елдер көтерді. Женевада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жыл сайынғы жиынында ұсынысты 95 мемлекет қолдады. Ал Чехия, Израиль, Мажарстан және Германия қарсы дауыс берді. 27 ел дауыс беруден қалыс қалды. Израильдің жақын одақтасы — АҚШ бұл дауыс беруге қатысқан жоқ. Сонымен қатар, Вашингтон жақын арада ДДСҰ-дан шығуға дайындалып жатқаны хабарланды.
Айта кетейік, Палестина автономиясының БҰҰ-дағы мәртебесі — бақылаушы. Өткен жылдың қыркүйегінде Палестина өкілі алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына қатысты, бірақ дауыс беру құқығынсыз.
Осыған дейін Мальта маусым айында Палестинаның тәуелсіздігін мойындайтыны белгілі болды.