Палестина: ФАТХ 10 жылдан кейін алғаш рет жаңа басшылықты таңдауға кірісті
АСТАНА. KAZINFORM — Палестиналық қозғалыс соңғы он жылда алғаш рет жаңа басшылықты сайлау үшін жиын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Палестина президенті Махмұд Аббастың қатысуымен Палестинаның ұлттық азаттық қозғалысы — ФАТХ-тың сегізінші жалпы конференциясы бейсенбі күні басталды. Бұл туралы палестиналық WAFA агенттігі хабарлады.
Съезд Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Рамалла қаласында орналасқан Палестина әкімшілігінің штаб-пәтерінде өтіп жатыр. Сонымен қатар қосымша отырыстар Газа секторында, Каир мен Бейрутте ұйымдастырылған. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, іс-шараға қозғалыстың шамамен 2580 мүшесі қатысып жатыр. Оның ішінде 1600 делегат Рамаллада, 400-і Газада, 400-і Каирде және 200-і Бейрутте отыр.
Форум үш күнге созылады деп жоспарланған. Делегаттар ФАТХ Орталық комитетінің 18 мүшесін және қозғалыстың Революциялық кеңесінің 80 мүшесін сайлауы тиіс.
Рамаллада өткен ФАТХ съезінің ашылуында сөз сөйлеген Махмұд Аббас Газадағы соғысты «қазіргі палестиналық тарихтағы бұрын-соңды болмаған Накба» деп атады.
Өз сөзінде Аббас Газадағы соғыс салдарынан 2500-ден астам палестиналық отбасының азаматтық тізілімнен толықтай «жойылып кеткенін» айтты.
— Әкелер, ұлдар, аталар мен немерелер түгелдей жоқ болды. Бұл — геноцид, — деді Палестина көшбасшысы.
Оның айтуынша, Израиль Газадағы қалалар мен босқындар лагерлерінің 85 пайыздан астамын, соның ішінде мектептерді, ауруханаларды, мешіттер мен шіркеулерді қиратып, «палестиналықтарды ығыстыруға» әрекет жасаған.
Аббас сондай-ақ Батыс жағалау мен Газа секторын бөлу мүмкіндігін тағы да жоққа шығарды.
— Біз Батыс жағалау мен Газада әртүрлі егеменді және егемендігі жоқ режимдердің болуына ешқашан жол бермейміз, — деп мәлімдеді ол.
With the participation of President Mahmoud Abbas, the eighth general conference of the Palestinian National Liberation Movement (Fatah) officially opened on Thursday at the Ahmed Shuqairi Hall in the presidential headquarters in Ramallah. pic.twitter.com/3WmT3a1TP6
— WAFA News Agency - English (@WAFANewsEnglish) May 14, 2026
Палестина лидері Палестина ұлттық әкімшілігінің халықаралық ұйымдармен және шетел мемлекеттерімен соғысты тоқтату, гуманитарлық көмек жеткізу және анклавты қалпына келтіру жұмыстарын бастау бағытында жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.
Сонымен қатар ол ұзақ жылдар бойы кейінге шегеріліп келген президенттік және парламенттік сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда нақты мерзімін атаған жоқ.
Palestinian President Mahmoud Abbas said Fatah’s 8th General Conference marks a key moment to review the Palestinian path, strengthen national resilience, support reconstruction, and advance efforts toward ending the occupation.
— WAFA News Agency - English (@WAFANewsEnglish) May 14, 2026
More: https://t.co/WjuZc011QW pic.twitter.com/QLfEpHGc3w
ФАТХ-тың жаңа басшылығын сайлау
Бұл съезд соңғы он жылда алғаш рет өтіп отыр және 90 жастағы Махмұд Аббастың саяси болашағына қатысты сұрақтар аясында қозғалыстың келешек басшылығын айқындайтын маңызды жиын саналады.
Саяси сарапшылардың пікірінше, Орталық комитеттің жаңа құрамы Аббастан кейінгі ықтимал кезеңде маңызды рөл атқарады. Себебі әзірге оның айқын мұрагері жоқ.
Аббастың ықтимал мұрагерлері ретінде Орталық комитеттің бас хатшысы Джибриль Раджуб пен Палестина ұлттық әкімшілігі басшысының орынбасары Хусейн аш-Шейхтің есімдері аталып жүр.
Дауыс беруге президенттің үлкен ұлы Ясир Аббас та қатысып жатыр. Бұл жайт кейбір палестиналық сарапшылардың сынына ұшырап, олар мұны «биліктің әулеттік жолмен берілуі мүмкін» деген белгі ретінде бағалады.
Сонымен қатар Палестинаның бірқатар ықпалды саясаткерлері съезге қатыспай отыр. Атап айтқанда, Палестинаның бұрынғы сыртқы істер министрі Насер әл-Кудва жиынға бойкот жариялап, қазіргі ФАТХ басшылығын «заңсыз» деп атады.
Съезге Махмұд Аббастың ықтимал мұрагерлерінің бірі әрі Палестинадағы ең танымал саясаткерлердің бірі саналатын Марван Баргути де қатыспады. Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Баргути қазіргі уақытта Израиль түрмесінде жазасын өтеп жатыр.
Ішкі дағдарыс және беделдің төмендеуі
ФАТХ Палестинаны азат ету ұйымындағы ең ірі фракция және Палестина ұлттық әкімшілігінің негізгі тірегі болып қала береді. Алайда қозғалыс ішкі алауыздықтар, жемқорлыққа қатысты айыптаулар және Палестина мемлекетін құру ісіндегі ілгерілеудің жоқтығы үшін барған сайын көп сынға ұшырап отыр.
2006 жылғы сайлаудан кейін ФАТХ-тың ұстанымы едәуір әлсіреді. Бұл, ең алдымен, кейіннен Газа секторын бақылауға алған ХАМАС қозғалысының ықпалының күшеюімен байланысты болды.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі съезд Палестина ұлттық қозғалысы үшін ең күрделі кезеңдердің бірінде өтіп жатыр. Оған Газа секторындағы соғыс, Батыс жағалаудағы шиеленістің күшеюі және ФАТХ пен ХАМАС арасындағы жалғасып келе жатқан саяси бөлініс себеп болып отыр.
Айта кетейік, өткен айда Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа секторында муниципалдық сайлау өтті. Белгілі болғандай, Палестина ұлттық әкімшілігінің (ПҰӘ) президенті Махмұд Аббасты жақтаушылар көпшілік орынға ие болды.