Палестина көшбасшысы «Қазақстан-2050» стратегиясын белгілеп берген Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жоғары бағалады
АСТАНА. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Палестина тарабының бастамасы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Палестина Ұлттық Әкімшілігінің Төрағасы Махмұд Аббаспен телефон арқылы сөйлесті.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
М.Аббас Мемлекет басшысын және барша Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, біздің елімізге одан әрі даму мен өсіп-өркендеу тіледі. Сонымен қатар, Палестина көшбасшысы «Қазақстан-2050» стратегиясын белгілеп берген Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жоғары бағалады.
Сондай-ақ ол Палестина-Израиль мәселелерін реттеу жөніндегі Қазақстанның дәйекті ұстанымына ризашылығын білдірді.
Әңгімелесу барысында екі мемлекеттің басшылары Таяу Шығыстағы жағдай мен екіжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.