Палестина маршы: белсенді Түркияға дейін жаяу жүріп, қайырымдылыққа қаражат жинап келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Британдық белсенді Рут Герберт Ұлыбританиядан Түркияның Ыстамбұл қаласына дейін жаяу жүріп, Medical Aid for Palestinians («Палестиналықтарға медициналық көмек») ұйымына қайырымдылық қаражатын жинады, деп хабарлайды Анадолы.

активистка
Фото: Анадолы

52 жастағы Рут Герберт 2025 жылғы 2 мамырда Англиядағы Арнсайд қаласынан сапарын бастаған. Ол осы уақытқа дейін Ұлыбритания, Франция, Швейцария, Италия, Словения, Черногория, Албания, Солтүстік Македония және Грекия арқылы өтіп, Түркияға жетті.

Белсендінің «Палестина үшін үлкен марш» деп аталған сапары 6,5 айға созылды. Герберт бұл сапарын 15 қараша, сенбі күні Ыстамбұлда аяқтамақ.

Қазіргі уақытта ол 50 мың фунт стерлингке жуық қаржы жинаған. Анадолы агенттігіне берген сұхбатында белсенді өзінің идеясы қалай пайда болғанын және бұл сапардан не күтетінін айтып берді.

— Палестиналықтардың шеккен азабын көріп, мен бейжай қарап отыра алмадым. Наразылық акцияларына қатысу жеткіліксіз екенін сезіндім. Сондықтан Medical Aid for Palestinians ұйымына қолдау көрсету үшін жаяу жүріп, қаражат жинау идеясын ойлап таптым, — деді Рут Герберт.

Ол бұл қиын кезеңде палестиналықтарға көбірек көмектескісі келетінін және олардың күресін қолдайтын адамдармен кездесуді мақсат еткенін айтты.

— Газадағы қорқынышты көріністер адамзаттың жүрегіне жара салды. Мен бұл сапар палестиналықтарға рухани және моральдық демеу болады деп үміттенемін. 6 жарым ай өтті, сенбі күні мен жолымды Ыстамбұлда аяқтаймын. Палестинаға ұзақ мерзімді қолдау қажет. Егер әр адам аз да болса үлес қосса, біз үлкен толқын тудыра аламыз. Бұл толқын өскен сайын, оған жаңа адамдар қосылады, және біз жалғыз еместігімізді түсінеміз, — деді белсенді.

активистка
Фото: Анадолы

Герберт адамдарды үмітін жоғалтпауға және күресті жалғастыруға шақырды.

— Кез келген қарсыласу мен әділдік үшін күрес уақыт пен күшті талап етеді. Менің ойымша, біздің адамгершілігіміз Палестинамен сыналып жатыр. Палестинаға деген көзқарасымыз — біздің әлемге және болашаққа әсерімізді көрсетеді. Біз адамдардың қырылып, үйлерінен айрылып жатқанын жай ғана қарап отыра алмаймыз. Біз әділдік үшін күресті жалғастыруымыз керек. Палестинаға бейбітшілік пен әділдік қажет. Олар шын мәнінде ауадай керек, — деді ол.

Сапар барысында белсенді 12 ел арқылы жүріп өткен, көптеген адаммен кездескен және тегін тамақ пен тегін түнету сияқты қайырымдылық көмектерін көргенін айтты.

Рут Герберт жиналған қаражат көлемі 50 мың фунт стерлинг межесіне жақындағанын, бұл қаражат Medical Aid for Palestinians ұйымына аударылатынын мәлімдеді.

— Үйге оралу — мен үшін үлкен өзгеріс болады, сондықтан өзімді соған дайындап жүрмін. Алты ай бойы осы іспен айналыстым, сондықтан қайта бейімделу оңай болмайды. Бірақ мен үйге пойызбен қайтуды жоспарлап отырмын — сол кезде жүрген бүкіл жолымды терезеден көре аламын. Содан кейін отбасыммен Лондонда кездесемін, — деді белсенді.

Айта кетейік, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДБАБ) қызметкерлері атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген күннен бері Газа секторында шамамен 1 миллион адамға азық-түлік жиынтығын таратты. Алайда ұйым өкілдері мұндай көмек көлемі қазіргі күрделі жағдайда жеткіліксіз екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар