Көлік дөңгелектерін пара ретінде алған: Арқалықта полиция қызметкері мен жергілікті тұрғын сотталды

АРҚАЛЫҚ. KAZINFORM — Сот материалдарына сәйкес, патрульдік полиция қызметкері жүргізуші куәлігінен айырылған көлік жүргізушісіне «қамқорлық» көрсетіп, одан пара ретінде төрт жазғы дөңгелек алған. Сотталғандарға бірнеше миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

полиция
Фото: Polisia.kz

Арқалық қалалық соты қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарады. Сот материалдарына сәйкес, жол-патрульдік полиция қызметкері 126 мың теңге тұратын автокөлік шиналарын пара ретінде алған.

Бұған дейін Арқалық тұрғыны мас күйінде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылған. Кейін ол көлікті табыс табу және қала ішінде жүру үшін қажет екенін айтып, полиция қызметкерінен көмек сұраған.

Іс материалдарына сәйкес, тәртіп сақшысы бастапқыда бас тартқанымен, кейін жаңа дөңгелектер әкелуді талап еткен. Жүргізуші былтыр 7 сәуірде банк арқылы бөліп төлеу рәсімдеп, төрт жазғы шина сатып алып, оларды полиция қызметкеріне берген.

Одан кейін полицей көлік суретін жіберуді сұрап, оны WhatsApp мессенджеріндегі патрульдік полиция қызметкерлері бар топтық чатқа жолдаған. Сот дерегінше, бұл чатқа тоқтатылмайтын көліктердің суреттері жіберіліп отырған.

Сот 2025 жылғы сәуір–қазан аралығында жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, полицейдің «қамқорлығымен» Арқалықта еркін жүргенін анықтады.

Тінту барысында полицейдің үйінен 11 оқ-дәрі табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, олардың 10-ы Макаров және Стечкин тапаншаларына арналған 9 мм оқ, біреуі 12 калибрлі аңшылық патрон болған және бәрі жарамды деп танылды.

Екі сотталушы да кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Сот жеңілдететін жағдайлар ретінде кінәні мойындау, өкіну және кәмелетке толмаған балаларының барын ескерді. Нәтижесінде бұрынғы полиция қызметкері пара алғаны және заңсыз оқ-дәрі сақтағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан және полиция капитаны атағынан айырылды. Сондай-ақ оған 4 млн теңге айыппұл салынды.

Екінші айыпталушы пара бергені үшін кінәлі деп танылып, 1,89 млн теңге айыппұл төлеуге және заңсыз алынған мүлікті — төрт дөңгелекті мемлекет кірісіне өткізуге міндеттелді.

Үкімге апелляциялық шағым түсіруге болады.

Айта кетейік, Атырауда полиция басқармасының бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды.