Пара волейболдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы Бразилияға есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы С тобында екінші кездесуін өткізді.
Бауыржан Тахауовтың шәкірттері бұл жолы әлемдегі үздіктердің бірі — Бразилия құрамасымен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда бразилиялықтар басым болды — 25:20.
Екінші сетте Пердебай Намұратов, Ерік Қасқабаев, Бауыржан Сартаев, Ерлан Битеміров, Ерболат Алтаев сынды қазақстандықтар сәтті ойын өрнегін көрсетті — 26:24.
Қазақстандық параволейболшылар үшінші сетте де бастапқыда алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады — 17:25. Бразилиялықтар төртінші партияда алға тым ұзап кетіп, матчты жеңіспен аяқтады — 25:15.
Қорытынды есеп — 3:1, Бразилияның пайдасында.
Ертең Қазақстан құрамасы Иракпен алаңға шығады. Иракты жеңген жағдайда ширек финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық параволейболшылардың әлем чемпионатында бақ сынайтынын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық параволейболшылар әлем чемпионатын айқын жеңіспен бастады.