Парад алаңына курсанттар беттеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы әскери парад аса маңызды әскери оқу орындарының әлеуетін көрсететін топтардың шеруімен жалғасып жатыр.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының салтанатты есептобын институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов бастап шықты. Бұл оқу орны Орталық Азия бойынша әуе шабуылына қарсы қорғаныс, байланыс және радиоэлектрондық күрес әскерлерінің мамандарына арналған бірден-бір институт болып есептеледі. Мұнда байланыс бөлімдерінің, зениттік, зымырандық және радиотехникалық әскердің құрамы, әскери авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етушілер, әскер мен қару-жарақты автоматтандырылған жүйе арқылы басқаратын мамандарды дайындайды. Олардың ізін ала Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің салтанатты есептобы өтіп барады. Саптың басында әскери колледж бастығы полковник Айбек Ғабдрахов.

Елімізде кәсіби сержанттарды даярлау 1996 жылы қолға алынған болатын. Әскердің жауынгерлік шеберлігі, бөлімшелердегі әскери тәртіп, жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттың кәсібилігіне байланысты. Бұл оқу орнының маңыздылығы да осында. Курсанттар шеруін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының өрендері түйіндеді. Бұл арнайы оқу орны ҰҚК-ден басқа да күш құрылымдарына офицер дайындайды.
Айта кету керек, бүгінгі әскери шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, 66 ұшу аппараты тартылған.
Сондай-ақ, парадта биыл сатып алған су жаңа Airbus А-400 әскери-көлік ұшағы алғаш рет қатысып отыр. Армиялық Ми-17, Ми-171Ш, Ми-35 және көліктік С-295, Ту-154М, Л-410 ұшақтары, Су-30СМ, Су-25 жойғыш ұшақтары, Л-39 оқу-жауынгерлік ұшағының экипаждары шерудің айбынына әуеден айбын қосуда.