Паранжа кигендер 150 еуродан 15 мың еуроға дейінгі сомада айыппұл төлейді - Франция

АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат - Бейресми мәліметтер бойынша, Францияда қоғамдық орындарда дәстүрлі мұсылман киімдерінің элеметтерін киюге тыйым салынған заң жобасы әзірленіп жатқан көрінеді.

Паранжа  кигендер  150 еуродан  15 мың   еуроға дейінгі  сомада  айыппұл төлейді  - Франция

Ол заң жобасына сәйкес, тыйымды бұзып, паранжа кигендерге 150 еуро көлемінде айыппұл салынса, ал басқа адамды аталған тыйымды бұзуға мәжбүрлегені үшін 15 мың еуро айыппұл және 1 жыл түрме күтеді. Бұл туралы Associated Press агенттігі француз басылымдарына сілтеме жасап хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 21-інде Франция Президенті Николя Саркози ел үкіметіне қоғамдық орындарда паранжа мен никаб киюге тыйым салатын заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Француз Республикасының басшысы, бет-басты тұмшалайтын кез-келген дәстүрлі киімге тыйым салу керек екенін, себебі ондай киімдер қыз-келіншектерді қорлайтынын мәлім етті. Үкіметке қысқа мерзімнің ішінде заң жобасын әзірлеп, мамыр айында оны парламенттің қарауына ұсыну міндеттелді.

Естеріңізге сала кетейік, 2004 жылдан бері Францияда мектептерде паранжа мен никаб киюге, бұқаралық орындарда діни символикалар ұстауға тыйым салынған.

Дегенмен, бірқатар француз сарапшылары, дәстүрлі мұсылман киімдеріне тыйым салу Франция Конституциясына қайшы екенін айтуда. Оған қоса, бұл бастама елде тұрып жатқан 5 миллион мұсылманның наразылығын туғызуы мүмкін.

Паранжа киюге тыйым салу туралы заң жобасы Бельгия парламентінде де қаралып жатыр. Ағымдағы аптада Бельгия Парламентінің төменгі палатасы паранжа киюге тыйым салған заң жобасын мақұлдады. Аталмыш құжат әйелдерге қоғамдық орындарда беттерін жабатын киіммен жүруге тыйым салады. Егер заң күшіне енсе, заңды бұзушыларды 25 еуроға дейін айыппұл немесе 7 күнге дейін түрме күтіп тұр.