Париж келісіміне - 10 жыл: әлем климаттық өзгерістермен күресте неге қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Париж келісіміне қол қойылғанына тура он жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде әлем жаңартылатын энергия көздерін дамытуда айтарлықтай жетістікке жеткенімен, көмірқышқыл газының шығарындылары әлі де өсіп келеді, деп хабарлайды DW.
10-21 қараша аралығында Бразилияның Белен қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған 30-конференциясы — COP30 өтеді. Ғалымдар жаһандық жылынудың әрбір үлес градусы миллиондаған адамның өмірі мен қауіпсіздігіне әсер ететінін ескертеді.
Париж келісімі 2015 жылы қабылданып, 200-ге жуық елді ғаламдық температураны 2°C-тан төмен деңгейде ұстап тұруға және ғасыр соңына дейін 1,5°C шегінен аспауға міндеттеді. Бірақ БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының 2025 жылғы есебінде бұл меженің енді іс жүзінде орындалуы мүмкін еместігі айтылған.
Жер бетіндегі елдер қазіргі міндеттемелерін толық орындаса да, 2100 жылға қарай жердің орташа температурасы 2,3-2,5°C-қа көтеріледі деп болжанып отыр. Бұл өткен жылғы болжамнан (2,6-2,8°C) төмен болғанымен, жаһандық жылынудың қарқыны бәсеңдемегенін көрсетеді.
Соңғы онжылдық — адамзат тарихындағы ең жылы кезең болды. Өткен жылы ауа температурасы рекордтық деңгейге жетті. Ғалымдардың есебінше, жылу әсерінен минут сайын бір адам көз жұмады, ал ауа ластануы жыл сайын 2,5 миллион адамның өмірін қысқартады.
2024 жылы атмосфераға шығарылған парниктік газ көлемі 53,2 гигатоннаға жетіп, 1990 жылмен салыстырғанда 65%-ға артқан. Негізгі үлес энергетика саласына тиесілі. Шығарындылардың үштен екісі сегіз ірі экономикаға — Қытай, АҚШ, ЕО, Үндістан, Ресей, Индонезия, Бразилия және Жапонияға тиесілі.
Соңғы он жылда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі үш еседен астам өсті. Қазір олар әлемдік электр энергиясының 40% қамтамасыз етеді. Тек Қытайдың өзі бір жылда қалған барлық елдер қосқаннан да көп күн станцияларын орнатқан.
Күн және жел энергетикасына салынған инвестициялар алғаш рет қазба отынына құйылған қаржыдан екі есе асып түсті. Электромобильдер нарығы да жылдам дамуда: соңғы он жылда олардың үлесі 1%-дан 25%-ға дейін өсті.
Бірақ көмір мен мұнай да артта қалған жоқ. Жасыл технологияның жетістігіне қарамастан, көмір тұтыну көлемі 2024 жылы тарихи максимумға жетті. Ал қазба отындарын субсидиялау көлемі жылына 1,6 триллион долларға дейін өскен.
Париж келісімі мақсаттарына жету үшін не істеу керек? БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2035 жылға қарай қазіргі міндеттемелер жаһандық шығарындыларды бар болғаны 10%-ға қысқартпақ.
Мақсатқа жету үшін:
-
көмір тұтынуды 10 есеге азайту,
-
орманды кесуді тоқтату шараларын 9 есеге күшейту,
-
жаңартылатын энергияның өсімін екі есе арттыру,
-
климаттық қаржыландыруды жылына 1 триллион долларға дейін көбейту,
-
ірі қалаларда қоғамдық көлікті кеңейту қажет.
Сарапшылар атап өткендей, климаттың өзгеруіне қарсы нақты іс-қимылдарсыз ғасыр соңында әлем жылына 57 күнге созылатын ыстықпен бетпе-бет келеді.
Париж келісімінің 10 жылдығы — адамзаттың табиғатпен қарым-қатынастағы жауапкершілігін қайта бағамдайтын сын сәтке айналды.
Айта кетейік, кейінгі 100 жылда жер температурасы қалай өзгергенін мынау сілтемеден оқыңыз.