Париж Олимпиадасы: Қазақстан делегациясы көк Туды желбіретті

АСТАНА. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде дәстүрге сай спортшылар шеруі өтті. Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова ұстап шықты.

парк трансляция
Фото: Аяпбергенов Агибай / Kazinform

Шерудің ерекшелігі сол, делегациялар Сена өзенін қайықпен жүзіп өтті. Спортшыларды тасымалдау үшін 80 қайық жұмылдырылғанын атап өткен жөн.

Париж Олимпиадасына жолдама алған 80 спортшының барлығы шеруде төбе көрсеткен жоқ. Себебі кейбір жекелеген спорт түрлері жарыс кестесіне сәйкес кейінірек басталатындықтан Парижге кешігіп баратын спортшыларымыз бар.

парк трансляция
Фото: Аяпбергенов Агибай / Kazinform

26 шілдеге дейін Франция астанасына тек академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тас жолдағы велоспорт және стенд ату спортынан өнер көрсететін спортшыларымыз ғана барып үлгерді. Ал олардың саны 50 спортшы ғана. 

Жеңіл атлетикадан қатысатын отандастарымыз 29 шілде күні Францияға аттанады. Алайда Ольга Сафронова салтанатты шеруде ту ұстайтындықтан, өзгелерден бірнеше күн ерте барды.

парк трансляция
Фото: Аяпбергенов Агибай / Kazinform

Ал еркін күрес шеберлері тек 5 тамызда ғана Алматыдан аттанса, брейкингтен сынға түсетін Амир Закиров 8 тамызда Парижге жетеді.

Қайықпен жүзіп өткен әр елдің делегациясына қарап, спортшылардың аз-көптігін шамалауға болатыны белгілі. Осы ретте, Париж Олимпиадасында АҚШ-тың спортшылары (592) көп екенін атап өткен жөн.

парк трансляция
Фото: Аяпбергенов Агибай / Kazinform

Ал, екінші орын жарыс қожайындарының еншісінде. Франция 587 спортшысына үміт артып отыр. Үшінші орынға Аустралия құрамасы (468) жайғасқан. Қазақстан намысын 80 спортшы қорғайтыны белгілі.

олимпиада2024
Фото: кадр из видео

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Алматыда Қазақстан құрамасын Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға шығарып салу рәсімі өткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар