Париж және Милан сән апталығында «Әлемді таңғалдырған әжелер» жобасы ұсынылады
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропаның ең беделді сән сахналарының бірінде «Әлемді таңғалдырған әжелер» атты ерекше мәдени жоба көрсетіледі.

Аталған жоба қатысушыларының жасы – 60 пен 74 аралығында. Олар еліміздің әртүрлі өңірлерінен кастинг арқылы іріктелген.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, Еуропаның сән сахнасын бағындыруға 20 қатысушы аттанады. Көрсетілімдерде олар ұлттық нақыштағы «Ақ маржан» топтамасын ұсынбақ. Жобаның авторы – Раушан Әнуарбекова, танымал сәнгер, Еуразия Дизайнерлер Одағының мүшесі, Ұлттық Дизайнерлер Академиясының академигі.

Ол қазақтың ұлттық дәстүрінен шабыттанған заманауи топтамаларымен танымал және бұған дейін өз жұмыстарын Milan Fashion Week, Paris Fashion Week, Aspara Fashion Week сахналарында көрсеткен.
«Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» жобасы Еуропа сән апталығына төртінші мәрте қатыспақ. Биылғы іс-шара Халықаралық қарттар күніне және Қазақстанда дәстүрлі түрде аталып өтетін Қарттар айына арналады.

Айта кетейік, 24 қыркүйек күні Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақтың әйгілі күйші, композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтеді.
