Парижде автобус жүргізушілері жанармай бағасына қарсы наразылыққа шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан көлік саласы қиындықтарға тап болып отыр. Парижде сала қызметкерлерінің наразылық акциясы өтті. Олар дағдарыс кезеңінде биліктен көбірек қолдау көрсетуді талап етті, деп хабарлайды Еuronews.

Парижде автобус жүргізушілері жанармай бағасына қарсы наразылыққа шықты
Фото: ctv.by

Дүйсенбі күні Парижде жүк көлігі мен автобус жүргізушілерінің наразылық акциясы өтті. Оны Еуропалық автомобиль көлігі ұйымы ұйымдастырды. Қаланың айналма жолында шамамен екі жүзге жуық автобус баяу жылдамдықпен қозғалып, «ұлу операциясын» өткізді. Соның салдарынан жол қозғалысы айтарлықтай қиындады.

Акцияға қатысушылар жанармай бағасының өсуіне наразылық білдіріп, биліктен көлік саласына көбірек қолдау көрсетуді талап етті. Осы аптада Луара, Прованс – Альпі – Лазур жағалауы, Окситания және Жаңа Аквитания өңірлерінде де осындай акциялар өткізу жоспарланған.

Көмек жеткіліксіз

Таяу Шығыстағы соғыстан қатты зардап шеккен бұл сала бұған дейін де үкіметтен қолдау алған. Жұма күні экономика министрі Roland Lescure мен көлік министрі Philippe Tabarot көлік секторын дамытуға 50 миллион еуро бөлінетінін мәлімдеді.

Алайда кәсіподақтың француз тіліндегі баспасөз хабарламасында бөлінген бюджет жағдайдың күрделілігіне, сала мамандары тап болған қиындықтарға және 2022 жылы қабылданған шараларға сәйкес келмейтін сияқты деп көрсетілген.

Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, егер атқарушы билік қазіргі ұстанымын өзгертпесе, салдары ауыр болуы мүмкін.

– Жұмыстан қысқартулар мен банкроттықтардан туындайтын әлеуметтік және экономикалық шығындар бүгін жарияланған сомадан әлдеқайда жоғары болуы әбден мүмкін, – деп мәлімдеді кәсіподақ.

Айта кетейік, ақпан айында грекиялық фермерлер тракторларымен наразылық акциясын өткізген еді.

Ал жуырда АҚШ пен Еуропа елдерінде Трамптың саясатына қарсы наразылық акциялары өтті.