Парижде Франция үкіметінің бюджет саясатына қарсы наразылық акциясы өтті
АСТАНА.KAZINFORM — Францияда «Жалпыхалықтық еңбек конфедерациясы» мен өзге де кәсіподақ ұйымдарының ұранымен мыңдаған адам үкіметтің бюджет саясатына қарсы демонстрацияға шықты, деп хабарлайды Armenpress.
Armenpress-тің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлағанындай, наразылар Париждің тарихи II округіндегі Биржа алаңына жиналып, үкіметтің бюджет саясатына келіспейтінін білдірді. Қатысушылар «Зейнетақы үшін ереуілге шығамыз», «Қызметкерлер мен зейнеткерлерге теңдік», «Қатаң үнемдеу шараларына қарсымыз», «Әлеуметтік және салықтық әділдік үшін» деген ұрандар жазылған плакаттар ұстап тұрды.
Акцияға CGT бас хатшысы Софи Бине де қатысты.
2026 жылдың бюджет жобасы қазіргі таңда Сенатта (парламенттің жоғарғы палатасы) қаралып жатыр. Үкімет барлық салалардағы шығындарды қысқартуды көздеп отыр, тек қорғаныс саласына жұмсалатын қаражатты 6,7 млрд еуроға арттырмақ.
2025 жылы Франция бюджетінің тапшылығы ЖІӨ-нің 5,4%-ын құрап, елдің несие берушілері тарапынан сенім төмендеген. Осыған байланысты билік тапшылықты 2026 жылы 5%-дан, ал 2029 жылы 3%-дан төмен деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр.
Үнемдеу шаралары аясында үкімет әлеуметтік төлемдерді қысқарту, мемлекеттік медициналық сақтандыру бойынша франшизаларды ұлғайту және 2026 жылы зейнетақыларды индексациялаудан бас тарту ниетін білдірген.
Осыған дейін Францияда кезекті ұлттық ереуіл 2 желтоқсанға жоспарланғаны туралы жаздық.