Парижде Жанна д’Арк мүсінінің қылышы ұрланды
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның ұлттық қаһарманы Жанна д’Арктың Париждің VIII округінде орналасқан мүсініндегі қылышты ұрлаған ер адамды полиция ұстады. Бұл туралы ТАСС хабарлайды.
Басылымның жазуынша, ұрының бұл әрекетке не үшін барғаны және қаруды қандай мақсатта қолданбақ болғаны әзірге белгісіз.
Ер адам Сен-Огюстен алаңының ортасындағы мүсінге шығып, ат үстінде бейнеленген жауынгер әйелдің қолындағы қылышты жұлып алған. Қолына қылышты ұстап, көрші көшеге қарай қашқан ұрыны сол жерде полиция қызметкерлері ұстаған.
Полиция өкілдері ер адамның психикалық жағдайын анықтау үшін мінез-құлықтық сараптама жүргізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Жанна д’Арктың ат үстіндегі мүсінін француз мүсіншісі Поль Дюбуа XIX ғасырдың екінші жартысында жасаған. Бұл мүсіннің төрт бірдей нұсқасы бар, олар Париж, Реймс, Страсбург қалаларында және АҚШ-тың Вашингтон қаласында орнатылған.
Алайда Франция астанасындағы Жанна д’Аркқа арналған ең танымал ескерткіш — Лувр музейі маңындағы Пирамидалар алаңында орналасқан алтынмен апталған қола мүсін. Онда Орлеан қызы дулығасыз, қолында ұзын сапты ту ұстап, ат үстінде бейнеленген.
Бұған дейін Парижде тағы бір тонау оқиғасы тіркелгені хабарланған еді: курьерден 150 мың еуроға бағаланған әшекей бұйымдар ұрланған.