Парламент Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық функциясын орындауына белсене қатысуы қажет - Елбасы
Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарайды ҚазАқпарат.
«Алдағы жыл біздің еліміз үшін айырықша болмақ. Ол маңызды тарихи оқиғамен - Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығымен аталып өтіледі. Бұл құрметті миссия бізге зор жауапкершілік жүктейді. Сонымен бір мезгілде бізге ауқымды мүмкіндіктер ұсынады», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Осы орайда Елбасы депутаттық корпусты шетелдік әріптестерімен белсенді жұмыс істеу, ЕҚЫҰ тобының түрлі комиссияларының және оның Парламенттік ассамблеясының қызметтеріне қатысу күтіп тұрғанын атап көрсетті. «Бұл мүмкіндікті Ұйымға қатысушы елдер парламенттерінің жұмыстарының тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстанда қолдану үшін пайдалану қажет. Сондықтан бізге заң шығару үдерісінің сапасын көтеріп, оны Еуропалық стандарттарға жақындастыру қажет», деді Н. Назарбаев.
«Қазақстанның осы міндеттемені лайықты орындауы үшін бәрін жасау, сөйтіп халықаралық саясатқа ықпал етіп, еліміздің мәртебесін нығайту біздің ортақ міндетіміз», деді Президент.