Парламент Мәжілісі жеке детективтік қызметке қатысты заң жобасын қарайды
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттар келіп түсті.
- Аталған үш заң жобасының басты мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін кеңейту және елімізде жеке детективтік қызмет институтының құқықтық негізін құру. Заң жобалары жеке детективтік қызметтің негізгі ұғымдарын, сондай-ақ оны жүзеге асыру қағидаттарын, міндеттері мен тәртібін көздейді, - деді депутат Снежанна Имашева Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, аталған құжат аясында детективтік агенттіктер мен детективтердің құқықтық мәртебесі, олардың қызметін лицензиялау және мемлекеттік реттеу белгіленеді.
- Атап айтқанда, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін жеке детективтердің қызметін заңнамалық тұрғыда реттеу жоспарланып отырғанын жазған едік.