Парламент нақтылаған бюджетке сәйкес әлеуметтік салаға 40,7 млрд. теңге бағытталады

АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент қабылдаған 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін әлемдік салаға 40,7 млрд. теңге бөлінетін болады.

Парламент нақтылаған бюджетке сәйкес әлеуметтік салаға 40,7 млрд. теңге бағытталады

Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында мәлім болды.

Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, нақтыланған бюджетке орай жыл соңына дейін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге 7 млрд. теңге, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд., алушылар контингентінің көбеюіне байланысты 8,7 млрд. теңге қарастырылған. Бұдан бөлек балалардың мектепке дейінгі ұйымдарында мемлекеттік тапсырысты одан әрі орналастыруға және «Балапан» бағдарламасы бойынша бала бақшалар салуға 7 млрд. теңге қарастырылған.

«Назарбаев Университетін дамытуға 15 млрд. теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар елімізде әлемдік деңгейдегі 2 колледж құрылысын бастауға, сондай-ақ олардың жұмыс істеу үлгілерін жасауға бюджет қаржысы бағытталады»,-деді Б. Жәмішев.