Парламент реформасы және инвестициялық сенім: Қазақстанға жаңа Құрылтай не береді
АСТАНА. KAZINFORM — Алда өтетін Құрылтай сайлауының ішкі саясат шеңберінен әлдеқайда кең ауқымды мәні бар. Бизнес пен шетелдік инвесторлар үшін парламенттік модельдің өзгеруі, ең алдымен, оның шешім қабылдау жылдамдығына, заңнаманың тұрақтылығына және Қазақстанда жұмыс істеу ережелерінің болжамдылығына қаншалықты ықпал ететіні тұрғысынан маңызды.
21 тамызда халыққа арнаған Үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бір палаталы Құрылтайға өтетін алғашқы сайлауды реформалардың келесі кезеңінің басталу нүктесі деп атады. Орталық Азия бойынша неміс сарапшысы Кристиан Гроссе болып жатқан өзгерістерді мемлекеттік басқару жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту үдерісі ретінде бағалайды. Өзінің талдамалық мақаласында ол парламенттік реформаны Тоқаевтың бастамасымен тікелей байланыстырып, екі палатадан бір заң шығарушы органға көшу келісу рәсімдерінің күрделі кезеңдерін қысқартып, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуі мүмкін екенін атап өтеді.
Гроссе сарапшылық және іскерлік көзқарасты қатар ұстанады: ол Open International Dialogue ұйымының президенті әрі негізін қалаушы, бизнес қауымдастығын басқарады және Германияда шығатын NEWSMARK іскерлік журналының баспагері. Сондықтан ол Қазақстандағы өзгерістерді саяси институттардың құрылымы тұрғысынан ғана емес, олардың халықаралық сенімге, инвестицияға және елдің бәсекеге қабілеттілігіне ықпалы тұрғысынан да бағалайды.
— Сіз Құрылтайға ойысуды мемлекеттік басқару жүйесін стратегиялық жаңғырту деп бағалайсыз. Сіздің ойыңызша, бұл реформаның негізгі мәні неде және онда Президент Тоқаевтың ұстанымы қандай рөл атқарады?
— Мен бір палаталы Құрылтайға көшуді, ең алдымен, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін стратегиялық жаңғырту деп қарастырамын. Бұл реформа едәуір дәрежеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен байланысты және заң шығару жүйесін заманауи әрі икемді етуге деген ұмтылысты көрсетеді.
Әңгіме парламенттің атауын өзгерту немесе палаталар санын азайтумен ғана шектелмейді. Оның практикалық маңызы шешім қабылдау тетігін жеңілдетуде жатыр. Екі палаталы жүйеде заң қосымша келісу кезеңдерінен өтуі керек. Жаңа құрылым бұл үдерісті жеделдетіп, бастаманы талқылаудан заң қабылдауға дейінгі жолды қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет үшін бұл жаңа экономикалық және қоғамдық сын-қатерлерге жеделірек жауап беру мүмкіндігін білдіреді. Ал бизнес үшін мұндай тәсілдің инвестиция, кәсіпкерлік және экономикалық қызметті реттейтін заңдарға да қолданылуы ерекше маңызды.
Сайлау күнінің Президент тарапынан алдын ала жарияланғаны да назар аударарлық. Бұл саяси партияларға ұйымдастырушылық және мазмұндық тұрғыдан толыққанды дайындалуға уақыт берді. Мұндай тәсілдің өзі болжамдылықтың бір элементі болып саналады.
Сондықтан мен Президент Тоқаев бастамашылық еткен бұл реформаны оқшауланған саяси шешім ретінде емес, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және оны заманауи даму талаптарына бейімдеуге бағытталған қадам ретінде қарастырамын.
— Парламенттің құрылымы шетелдік инвесторды не үшін қызықтыруы керек? Қалайша саяси реформа экономикаға оң нәтиже беруі мүмкін?
— Халықаралық бизнес үшін мемлекеттік институттардың сапасы тікелей экономикалық мәнге ие. Инвестор үшін ресурстардың немесе ауқымды нарықтың болуы ғана маңызды емес. Ол мемлекеттің шешімдерді қаншалықты жылдам қабылдайтынын, заңдардың қаншалықты түсінікті екенін және бірнеше жылдан кейін де ережелердің тұрақты болатынын білуі қажет.
Сондықтан Құрылтай реформасы бизнес қауымдастығына маңызды сигнал береді. Егер жаңа модель бюрократиялық кедергілерді азайтып, заң шығару үдерістерін тиімдірек етуге мүмкіндік берсе, Қазақстан жаһандық нарықтың өзгермелі жағдайларына жылдамырақ бейімделе алады.
Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік, соның ішінде, жылдамдық үшін жүріп жатыр. Капитал шешімдер уақтылы қабылданатын, реттеу тетіктері түсінікті және әкімшілік жүйе артық кедергілер жасамайтын елдерге келеді.
Алайда тек жылдамдық жеткіліксіз. Ол барынша ашықтықпен және құқықтық айқындықпен ұштасуы тиіс. Сонда ғана институционалдық икемділік шынайы бәсекелестік артықшылыққа айналады.
Меніңше, Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы дәл осы бағыт экономикалық тұрғыдан ерекше қызықты. Неғұрлым ықшам заң шығару жүйесі сенімдірек реттеуші орта қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде компаниялардың ұзақ мерзімді инвестициялар жөніндегі шешімдеріне тікелей әсер етеді.
Егер реформа мемлекеттік шешімдердің жеделдігін ережелердің тұрақтылығымен ұштастыра алса, Қазақстанның бизнес жүргізу орны ретіндегі тартымдылығы айтарлықтай артуы мүмкін.
— Сіз Құрылтайды тек заңнаманың тиімділігімен ғана емес, сеніммен де байланыстырасыз. Қоғамдық легитимділік пен саяси жүйенің ашықтығы экономика үшін неге маңызды?
— Бизнес үшін саяси тұрақтылық бәсекелестіктің немесе қоғамдық пікірталастың болмауын білдірмейді. Керісінше, шешімдері қоғамға түсінікті түрде легитимділікке ие, ал мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылы ашық ережелерге негізделген жүйе барынша тұрақты болады.
Құрылтай осындай модельді нығайтуға ықпал ете алады. Сайлаушылардың еркіне сүйенетін өкілді заң шығарушы орган ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға неғұрлым тұрақты негіз қалыптастыра алады.
Сондықтан мен азаматтардың сайлауға қатысуын тек саяси мәселе деп қарастырмаймын. Экономика үшін де бұл маңызды көрсеткіш. Қоғамның жоғары деңгейдегі белсенділігі мемлекеттік институттардың легитимділігін нығайтады, ал институционалдық сенім күрт әрі болжап болмайтын саяси өзгерістер қаупін төмендетеді.
Саяси үдерістің сапасы да аса маңызды. Ашықтық, ақпаратқа қолжетімділік, бәсекелестіктің түсінікті ережелері және құқықтық айқындық азаматтардың да, сыртқы серіктестердің де сенімін қалыптастырады.
Сайып келгенде, саяси реформа мен экономика дәл осы тұста тоғысады. Егер жаңа Құрылтай биліктің өкілділігін нығайтып, заңнаманы тиімдірек етіп, тұрақты ережелерді қамтамасыз ете алса, ол ұзақ мерзімді инвестициялар мен экономикалық тұрақтылықтың қосымша факторына айналуы мүмкін.
Мен Қазақстандағы қазіргі өзгерістердің кең ауқымды мәнін осыдан көремін. Әңгіме тек парламентті жаңартуда емес. Мемлекет қоғамдық сенімді сақтай отырып, халықаралық экономиканың талаптарына жауап бере алатын неғұрлым заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға ұмтылып отыр.