Парламент Тұңғыш Президент - Елбасы мәртебесін заңмен нақтылады

СТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Cонымен Парламент Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесін нақтылап, қызметін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы»

Парламент Тұңғыш Президент - Елбасы мәртебесін заңмен нақтылады

және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» екі заңды қабылдады.

Бұдан бір апта бұрын Парламент Мәжілісі жұмысқа алған заң жобасы апта ішінде-ақ Мәжілістің мақұлдауынан, Сенаттың қабылдауынан өтіп, заң қалпына еніп Президенттің қол қоюына жолданды. Енді құжатқа Мемлекет басшысы қол қойса, ондағы қамтылған нормалар БАҚ-та жариялағаннан кейінгі он күннің ішінде өзінің заңдық күшіне ие болады.

Дегенмен, қоғам арасында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен қабылданған осы құжаттар туралы түрлі пікірлер, сан-саққа жүгірген сарапшылар болжамы айтылуда. Көпшілік ең алдымен Елбасының қызметін қамтамасыз етуге бағытталған заңдардың аса жедел қабылданғанына таңырқайды. Пікір айтушылар арасында Президенттің бұл құжаттарға вето қоюы мүмкіндігін де алға тартатындар бар болып отыр. Әйтсе де, Парламент өз қызметін атқарды, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесін нақты қамтитын заң қабылданды. Ендеше соңғы нүктені де Елбасының өзі қояды.

Жалпы, құжатқа бастама жасаған депутаттардың (заңға Мәжіліс депутаттары Оразқұл Халмұрадов, Светлана Ферхо, Әмзебек Жолшыбеков бастамашы болған) пікірінше, қолданыстағы «ҚР Тұңғыш Президенті туралы» констуциялық заңы Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің негізін қалаушысының рөлін толық көлемде айқындамайды екен. Оның үстіне, бастамашыл топ аталмыш заң жобаларын әзірлеуге біраз уақыттан бері кірісіп жүргендерін, жан-жақты саралағандарын, сайлаушылармен кездесулер барысында көтерілген ұсыныс-тілектер де ескерілгенін алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, заң жобасы аяқ астынан туындаған дүние еместігіне назар аударылып отыр.

Сонымен, депутаттардың қабылдаған заңы Тұңғыш Президенттің-Елбасының айрықша тарихи миссиясына байланысты оның мәртебесін, өкілеттігін нақтылаумен, қызметін қамтамасыз етудің кепілдіктерін қамтамасыз етеді. «Атап айтқанда, құжатқа сәйкес қолданыстағы «ҚР Тұңғыш президенті туралы» конституциялық заңының кіріспесінде «ҚР Тұңғыш Президент «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушылардың бірі» деп көрсетілген. Сол сөздерді «Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы» деп өзгерту ұсынылады. Тұңғыш Президенттің - Елбасының мәртебесін «Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бастауында тұрған және демократиялық зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуға аса зор үлес қосқан ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы болып табылады», деп айқындау қарастырылды», дейді Р. Халмұрадов.

Бұдан басқа, ҚР Тұңғыш Президентіне - Елбасына Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау құқығы беріледі. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамаларды ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасымен міндетті түрде келісу қажеттілігі айқындалған. Сонымен қатар, Тұңғыш Президентке - Елбасына ешкімнің тиіспеушілігі мәртебесін барынша нақты регламенттеу мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы өкілеттігін орындау кезінде, ал ол өкілеттілік тоқтатылғаннан кейін Тұңғыш Президент - Елбасы мәртебесін жүзеге асыруына байланысты жасаған іс-әрекеттері үшін оны жауапқа тартуға, ұстауға, қамауға алуға, жеке басын тексеруге болмайтындығы қарастырылды. Тұңғыш Президент - Елбасы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің мүлкіне тиіспеушілік кепілдігі де қабылданып отыр. Еліміздің астанасы мен Елбасының туған жерінде оның мұражайын құру мен бюстін орналастыру шаралары да заң деңгейінде қамтылды.

Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексін жаңа 317-1-бабымен толықтыру ұсынылып отыр. Ол бапта ҚР Тұңғыш Президентінің - Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің - Елбасының суретін бүлдіруге, көпшілік алдында қорлауға және оның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға, оның өмірбаян фактілерін қаралауға жол берілмейді деп көрсетілген. Ал ондай әрекеттер заң бойынша қудаланады деп көзделген. Осыған орай кодекске аталған нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілік белгілейтін қылмыстың жаңа құрамы енгізілген.

«Әлем жұртшылығы қашан да ұлтты, халықты озық тұлғалары арқылы танып келген. Ал қазақ елін, қазақ жерін, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміз - Н. Назарбаев. Қоғам тарихи тұлғаның рөлін ешқашан жоққа шығармайды. Біз Мемлекет басшысын қастерлеп, құрметтеуді әлемдегі өркениетті елдерден үйренсек ше? Демократияшыл Еуропаның өзінде корольдар ел басшысы ретінде ерекше құрметке ие екендігін бәріңіз де білесіз. Тегі бір туысқан түрік халқының өзінде алғаш жаңа Түрік мемлекетінің негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік есімін мәңгілік ұлттық мақтанышқа айналдырған. Олай болса, біздің Президентіміздің өнегелі ісін, кісілік келбетін бүгінгі жастарға үлгі етуге бағытталған тәрбиелік жұмыстардың тетіктерін іске қосуға неге болмасқа? Осы орайда, алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлым деген жұрт болмаса, жұртым деген ұл қайдан туады», деген даналық сөзі ойға оралады. Ұлттың көсемін құрметтегеніміз - халықты құрметтегеніміз. Ежелгі дәстүрге сүйенсек, қазақ ел басқарған ханын, дуалы ауыз билерін, қол бастаған батырларын ғасырдан ғасырға дәріптеген халық. Осыны ұмытпауға тиіспіз» деді бастамашыл депутат Розақұл Халмұрадов.

Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан түсініктемеде, мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуіне айрықша үлес қосқан саяси көшбасшының ерекше мәртебесін айқындауда Қазақстан алғашқы ел болып отырмағаны айтылыпты. Мысал ретінде Сингапурді алады. Бұл елдің негізін қалаған Премьер-министрі Ли Куан Ю үшін арнайы Сингапур Үкіметі жанынан тәлімгер-министр лауазымы енгізілген. Стратегиялық дарыны мен ақыл-парасатының арқасында Тәуелсіздігін нығайтқан Мұстафа Кемалдың саясатын жалғастыру үшін Түркия оған «Ататүрік» - «Түріктің әкесі» деген құрметті атақ беріп, сол арқылы оны Ұлт көшбасшысы деп жариялаған. Сондай-ақ бұрынғы президенттеріне жасалып отырған айрықша заңдық актілер Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттары секілді елдерде де бар екен.