Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Парламент Үкіметтің есебін бекітті

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Үкіметінің есебі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қорытындысын бекітті.

Парламент Үкіметтің есебін бекітті

Келтірілген мәліметтерге қарағанда 2011 жылы республикалық бюджеттің түсімдер жоспары 102 пайызға орындалды.

Мәліметтерге сәйкес, кірістердің жалпы сомасында салықтық түсімдер 67,4 пайызды, салықтық емес түсімдер 2,4 пайызды, трансферттер түсімі 29,8 пайызды құрап отыр.

Ал 2011 жылғы республикалық бюджеттің игерілмеген қаражаты 42 млрд. 349 млн. теңгені құрады. Аталған игерілмеген соманың басым бөлігі Қаржы министрлігіне - 10 млрд. теңге, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне - 9,8 млрд. теңге, Төтенше жағдайлар министрлігіне - 6,5 млрд. теңге, Денсаулық сақтау министрлігіне - 3,1 млрд. теңге, сондай-ақ Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне - 2,8 млрд. теңге тиесілі болып отыр.  Сонымен қатар, бюджет қаражаттарының дебиторлық борыштары 2011 жылы 74,1 млрд. теңгені құраған. Ал Есеп комитеті есепті кезеңде бюджеттік заңнаманың бұзылуына байланысты 272 млрд. теңгенің заң бұзушылығын анықтаған. Игерілмеген сома 2010 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп.

Ал Есеп комитетінің бағалауынша, өткен жылы Ұлттық қордан берілген трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджеттің елеулі қаражаты, атап айтқанда, 4,6 трлн. теңгесі мемлекеттік институттарды ұстауға, сондай-ақ елімізді әлеуметтік және экономикалық жаңғыртуды жалғастыру, қосымша жұмыс орындарын ашу, бәсекеге қабілетті өнім өндіру, халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған жігіне көмек көрсету сияқты басым бағыттарды шешуге бөлінді.    Бұдан бөлек, Есеп комитетінің бағалауынша, жалпы алғанда, Үкімет алдына қойған макроэкономикалық міндеттерді орындап, республикалық бюджетті тиісінше атқарды. Жалпы ішкі өнім 7,5%-ға өсіп, жұмыссыздық 5,4%-ға дейін төмендеді, инфляция болжанған деңгейден асқан жоқ (7,3%). Сөйтіп, бюджеттің кіріс бөлігінің нақтыланған басты көрсеткіштерінің орындалуы қамтамасыз етілді.