Парламентаризм дәстүрі дамыған азаматтық қоғам ортасында мығым бола түседі - И. Рогов
ТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Парламенті қоғамдағы аса маңызды саяси ықпал ету орталығына айналып отыр.
Ал тәуелсіздік жылдары ел Парламенті теңдессіз жұмыс атқарды. Сондықтан да парламентаризм мәселесіне елімізде аса жоғары назар аударылып келеді. Бүгін Сенатта «Парламентаризм - егемендіктің және Тәуелсіз Қазақстанның қарышты дамуының кепілі» тақырыбында өткен конференция барысында ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов осылай айтты.
Кеңес төрағасы өз сөзінде елімізде соңғы жылдары жүзеге асқан конституциялық новеллаларға тоқтала келе, бұның баршасы тәжірибе жүзінде өз жемісін бере бастағанын атап өтті. Мәселен, 2007 жылы балама негізде Мәжіліс сайлауы өтті. Бұдан кейінгі кезеңде, сайлауға, саяси партияларға қатысты заңнамалар жетіліп, құқықтық нормалар еуропалық талаптар өресінен көрінді.
«Конституциялық Кеңес тек қана конституциялық бақылауды жүзеге асыратын орган ретінде ғана емес, сонымен қатар Ата заңға ресми талқылау жасайтын құрылым болғандықтан парламентаризмнің көптеген мәселелері Кеңес шешімімен бірге дамытылды. Жалпы парламентаризм дәстүрі дамыған азаматтық қоғам ортасында күшті бола түседі. Жұртшылықтың қалың жігінің жоғары саяси мәдениеті мен қоғамдық келісімнің де бұған берер әсері мол. Сонымен қатар, мемлекет жүйесінде тиімді парламенттің жұмыс істеуінің өзі қоғамның жоғары саяси санасының өскендігін білдіреді. Оның үстіне әлеуметтік-саяси, мәдени-құқықтық құбылыс ретінде парламентаризм қалыптасқан жағдайдан тыс өмір сүре алмайды. Ал әлемдік тәжірибенің өзі парламентаризмді демократияның ажырамас құрамды бөлшегі ретінде көрсетеді», - деді И. Рогов.