Парламентте «Соттың қамауға алуға санкция беруі: заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру» тақырыбына арналған халықаралық конференция болды

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат - Парламент Сенатында палата төрағасының орынбасарлары Мұхамбет Көпеев пен Александр Судьиннің қатысуымен «Соттың қамауға алуға санкция беруі: заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру» тақырыбына арналған халықаралық конференция болды. Жиынға Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев төрағалық етті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Парламентте «Соттың қамауға алуға санкция беруі: заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру» тақырыбына  арналған халықаралық конференция болды

Отырысты ашқан комитет төрағасы соттың қамауға алуға санкция берудің өзекті мәселелеріне назар аудара келіп, сот-құқықтық реформалардың бағыттарына тоқталды. Соттың қамауға алуына санкция беруін сот құрылысы және сот өндірісі саласындағы негізгі тақырыптың бірі ретінде атай келіп Б.Имашев қамауға алу жөніндегі прокуратура мен соттың өкілеттігін ажыратудағы күрт өзгеріс 2007 жылғы ақпанда болғанын айтты.

Ол кезде Мемлекет басшысының Жолдауында қамауға алуға санкция беру өкілеттігінің сотқа берілуі туралы түпкілікті шешім қабылдау туралы айтылған болатын. Бұл 2007 жылғы мамырда еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын конституциялық заң қабылдау арқылы шешілді. Еліміздің Президентінің бастамасымен Конституцияға енгізілген өзгерістер қылмыстық үдерістердегі либералдықтың бастауларымен айқындалып отыр.

Өзгертілген конституциялық ережелерге сәйкес, қамауға алу мен оқшаулау орнында ұстау тек заңда қарастырылған жағдайда және қамауға алынушыға шағым беру құқығын бере отырып, соттың санкциясымен ғана жүзеге асады.

Сенат төрағасының орынбасары Александр Судьин өз сөзінде БҰҰ-ның 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқының жалпыға бірдей декларациясының 3 бабында бекітіліп, біздің мемлекетіміздің Конституциясында кепілдік берілген бостандық пен құқық қорғау және жеке адамға тиіспеушілікті сақтау тұрғысында талқыланып отырған тақырыптың маңыздылығын атап өтті.

Төраға орынбасары атап өткендей, Қазақстан қылмыстық сот өндірісінің негізіне соттың қамауға алуға санкция беру қағидасы алынған елдердің қатарында. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясына 2007 жылғы 21 мамырда енгізілген тиісті өзгерістердің нәтижесінде мүмкін болды.

Бұл конституциялық ереженің енгізілуімен 2005 жылы Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9 бабына сәйкес ұлттық заңнама сәйкестендірілді. Соттың қамауға алуға санкция беру құқығы ЕҚЫҰ құқықтық құжаттарымен де айқындалады.

Қамауға алу және үйқамақ түрінде алдын алу шарасын қолдану мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілді. Заңнамадағы осы өзгерістерге сәйкес алдын алу шарасы ретіндегі қамауға алуға санкция беру құқығы сотқа берілді.

А.Судьиннің айтуынша, отандық қылмыстық сот өндірісіндегі соттың қамауға алуға санкция беру секілді жаңалық алдын ала тергеу органдарының жұмысы мен сот жүйесінің барлық қызметінің сапасына оң әсер етті.

Төраға орынбасары атап өткендей, жария ету мен тараптардың тартысы - түрлі әуре-сарсаң мен қызмет бабын асыра пайдалануды алдын алудың құралы. «Осының бәрі үдерістерге қатысушылар құқықтарын тиімді қорғауға ықпал етеді және тұлғаның қорғалуының қосымша кепілдігі, олардың конституциялық құқықтары мен бостандығы сақталуы болып табылады»,-деп атап өтті А.Судьин.

Конференция барысында азаматтарды қорғаудың кепілдігін нығайту ретіндегі соттың қамауға алуға санкция беруі және құқықтары мен бостандықтарын сақтау, айыпталушылар мен күдіктілердің конституциялық құқықтарын жүзеге асыру, соттың қамауға алуына байланысты БҰҰ ұсыныстарын орындау, кәмелетке толмағандарды қамауға алуға ювеналды судьялардың санкция беруі және басқа да мәселелер талқыланды.

Шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес және Жоғары Сот Кеңесінің басшылары, Қазақстан Республикасындағы Адам құқы жөніндегі уәкіл, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының, Қазақстандағы Адам құқы мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюроның, құқық қорғау және сот жүйесінің, адвокаттар қоғамдастығының, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталардың өкілдері қатысты.

Талқылау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, халықаралық құқықтарда қарастырылғандай, істі құзіретті, тәуелсіз және шынайы сот арқылы әділетті және жария түрде жүргізуді ұлттық заңнамада одан әрі дамыту қажеттігі аталып өтілді.

Құжатта сондай-ақ қылмыстық үдерістерде айыпталушының құқықтық кепілдіктерінің, сондай-ақ заңсыз қамауға алуға және оларды істі сотта қарауға дейін ұзақ уақыт қамауда ұстауға жол бермеу мақсатындағы рәсімдердің болуы, сонымен бірге олардың ұсталу және қамауда болған кезінде түрлі зәбірлеу және қинаудың алдын-алу жазылады.