Парламенттің қауырт, бірақ кәсіби қызметі керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қауіпсіздіктің заңнамалық негіздерін нығайту бірінші орынға шығады. Бұл туралы кеше алтыншы шақырылған Парламенттің екінші сессиясын ашып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп жазады «Егемен Қазақстан».
Бұл ретте жекелеген лаңкесшіл ұйымдарға ғана емес, еліміз үшін жат тұтас ағымдар мен идеологияларға тыйым салу мәселесі қаралады. Бұл талқылаудан қоғам да, халық қалаулылары да сырт қалмауы қажет.
Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы басталысымен, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин күн тәртібіне жалғыз мәселе қойылып отырғанын, ол - Парламенттің екінші сессиясының ашылуы болып табылатынын мәлім етті. Тіркеуден өту рәсімі көрсеткеніндей, ашылу салтанатына Мәжілістің 107 депутатының және 47 сенатордың барлығы келіпті. Мемлекет басшысы Қазақстанның жоғарғы заң шығарушы органының екінші сессиясын ашық деп жариялады. Сессияның ашылу салтанатында сөз алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға бірқатар міндеттер жүктеді.
Елбасының айтуынша, бұл сессия қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелейтін кезге сай келіп отыр.
- Қазір әлем аса күрделі кезеңдердің бірін бастан кешуде. Шекара талғамайтын терроризм мен экстремизм дүниенің барлық қиырын шарпуда. Әлемдегі көптеген экономикасы дамыған және дамушы мемлекеттер қиындыққа кезігіп, елдер арасындағы инвестиция ағынының көлемі азайды. Мұның барлығы жаһанның ажырамас бөлігі Қазақстанға да ықпалын тигізбей қоймайды. Осындай жағдайда Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының іске асырылуы жалғаса береді, ол жаңа шаралармен уақтылы толықтырылып отырады - деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік тарихының екінші ширегін тың қарқынмен бастайды деген сенім білдірді: «Біз «Қазақстан - 2050» стратегиясында көздеген мақсаттарымызға үздіксіз ұмтылатын боламыз. Алдымызда үлкен міндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр. Бұл орайда Парламентке де зор жауапкершілік жүктеледі» деген ол 5 институттық реформа және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шараларын заңнамалық қамтамасыз ету қарқынын бәсеңдетпей, үдемелі жалғастыру керектігіне назар аудартты.
- Еліміздің дамуына қажетті көптеген заңдар қабылдау қажет. Олардың ішінде кезек күттірмейтін, қысқа мерзімде қабылдауды қажет ететін заңдар бар. Мен кәсіби Парламентіміз өзіне жүктелген тарихи міндетін абыроймен атқаратынына кәміл сенемін! Әйтсе де, «кезек күттірмейтін заңдар» деп былтырғыдай асығыстыққа салынып, заңның сапасын жоғалтып алмайық, бұл есте болсын! - деп нықтады Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының мәліметінше, ел Парламентіне келер жылдың шамамен шілдесіне дейін созылатын осы жаңа сессиясында 50 шақты жаңа заң жобасын қарап, пысықтап, қабылдау қажет болады.
- Олар қатарында депутаттардың өздері бастамашы болған және Үкімет қолдаған 7 жаңа заң жобасы бар. Бұлар - маңызды бастама және депутаттық корпустың биік кәсібилігін куәландырады! - деп жоғары бағалады Елбасы. Тағы 28 жаңа жоба бойынша талқылау процесі өткен сессияда басталып кеткен. 2016 жылға арналған жоспары бойынша Үкімет Мәжіліс қарауына 4 заңның жобасын енгізді, тағы 7 жобаны жыл соңына дейін енгізбек.
«Бірқатар заң жобаларын Үкімет жоспардан тыс тәртіппен ұсынатын болады. Тұтастай алғанда, депутаттық корпусты қоғамымыздың өмірінің әралуан маңызды міндеттерін заңнамалық шешу бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр» деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Көшбасшысы ұлттық заңнама қандай бағыттарда өзгеретінін де жария етті. Мәселен, электр энергетикасы мәселелері бойынша заңнамаға бірқатар түзетулер қарастырылады: қуат беру шығындарын азайтуға және тиісінше, электр құнының қазақстандықтар үшін арзандауына әкелуге тиіс. Сондай-ақ, халықаралық және Назарбаев университетінің тәжірибесі ескеріле отырып, отандық жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігі заңнамалық деңгейде кеңейтіледі. Депутаттарға жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербес бюджетіне қатысты ұлттық заңнаманы өзгерту ұсынылады.
Елбасының асығыстыққа салыну туралы сыны бесжылдық мораториймен тоқтатылған Жер кодексіне түзетулерге де қатысты болса керек.
- Жер реформасы жөніндегі комиссия қоғамды толғандырған түйінді мәселелерді талқыға салып, үлкен жұмыс жүргізді, бірқатар ұсыныстар түзді, - деп жақсы баға берді Н.Назарбаев. - Ол ұсыныстар жеке заң жобасында көрініс берді. Комиссия оны Үкімет пен Парламентке енгізеді. Комиссия ұсыныстары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұсыну процедураларын жетілдіру, жердің ұтымды пайдаланылуын бақылау мәселелерін қамтиды. Шынында, біз кезінде бір қолға жүздеген мың гектарлардың берілмеуі керектігін ескермедік. Жерді алған адам сол үшін жауап беруге міндетті! - деген Президент бұдан былай ауыл шаруашылығы жерлері тек сонымен жұмыс істей алатын білікті, тәжірибелі адамдарға, фермерлерге ғана ұсынылуға тиістігін қадап айтты.
Мемлекет басшысының мәліметінше, Үкімет жерді қазақстандықтарға жекеменшікке беретін өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдағанда, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту секілді игі ниеттерді көздеген. «Бірақ, бізде жерді кім көрінген астына басып алды, қазір оны прокуратура, сот арқылы мемлекеттің меншігіне кері қайтаруға мәжбүрміз, өйткені, осы жылдар бойы біраз жер күтім көрмей, арамшөп басып кетті, тіпті, көршілеріне зиян келтіріп отыр» деді ол.
Қалай болғанда, ауылды көркейту - елді көркейту, ауыл шаруашылығы өркендесе, экономиканың көптеген салалары көтеріледі. Мемлекет басшысы саладағы проблемалардың көпшілігі еңбек өнімділігінің төмендігінен, шикізатты ары қарай өңдеудің лайықты жолға қойылмауынан, ауыл шаруашылығында қосылған құны жоғары өнімдер өндірісінің өрістемеуінен туындайтынын айтты. Сол себепті, инвестиция тарту мақсатында бұл салада реформа жүргізу керек. «Бұл жұмыс түсіндіруден басталғанда, тек содан кейін заң қабылданғанда, жағдай бәлкім, басқаша болар ма еді?» деген Нұрсұлтан Назарбаев бұдан былай барлық қабылданатын заңдар қоғамға түсіндірілуге тиістігін нықтады.
Кезек күттірмейтін шаралар қатарында ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы аталды. «Еліміздің қауіпсіздігінің заңнамалық негіздерін нығайту бірінші орынға шықты. Әлемдегі барлық елдер секілді Қазақстан да терроризм қаупімен бетпе-бет ұшырасты. Ақтөбе мен Алматыдағы террористік шабуыл кесірінен ұлттық ұлан жауынгерлері, полицейлер, еш айыбы жоқ қарапайым адамдар қаза тапты. Бұл жағдайларда мемлекет өзінің қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ, қоғамның тұрақтылығын шайқалтып, осы оқиғаларды өздерінің қарау мақсаттарына пайдаланғысы келетін бірқатар сыртқы және ішкі күштердің ұмтылысына қарсы тұруға тиіс!» деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы «батыл түрде заңнамалық және құқықтық шаралар қабылдау қажеттігін» баса айтты.
- Менің тапсырмам бойынша экстремизмге, терроризмге, қарсы барлау қызметіне қарсы іс-қимыл, дактилоскопиялық және гендік тіркеу, пробация, елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту мәселелері бойынша 7 заң жобасы әзірленді және Мәжіліске енгізілуде. Біз еліміздің қауіпсіздігі үшін осы заңдарды жазып, депутаттарға қабылдауға ұсынамыз. Ең бастысы - қоғамның тұрақтылығын, қауіпсіздігін сақтау, адамдардың еркін әрі тыныш жұмыс жасауы. Депутаттардан осы ұсыныстарға өте салмақты қарауды және жыл соңына дейін бұл мәселелерді шешуді сұраймын, - деді Елбасы. Іс жүзінде бұл аталған жеті заңның «шұғыл» деп жариялауын білдірсе керек. Өйткені, әлемдік державалардың алауыздыққа ұшырап, бірін-бірі санкциялармен жайратуға құныққанын пайдаланып, экстремистер күш алуда.
Жалпы, экстремизм кедейшілік белең алған жерде қанат жайып, өнетіні мәлім. Ендеше, елдің әл-ауқатының құлдырауына жол бермеу де - мемлекеттік маңызды іс. Осыған орай Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау шаралары шығынын қысқартпай, сақтап қалуды жүктеді: «Парламентті үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын қарап, қабылдау ісі күтіп тұр. Онда жаһандық үрдістер мен тәуекелдер ескеріледі. Мемлекеттік кепілдендірілген әлеуметтік пакет бойынша бюджет шығыстары көлемінің сақталуын заңнамалық түрде қамтамасыз ету керек. Бұл жерде бірінші кезекте, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және басқа да әлеуметтік төлемдер туралы сөз болуда» деген Елбасы Үкіметке қазақстандықтардың өмір деңгейінің төмендеуіне жол бермеуді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталары қызметінің барынша жариялы болуы қажеттігіне тоқталды.
- Заңдарды қабылдаудың қажеттігі мен бүкіл қисыны қазақстандықтарға айқын әрі түсінікті болғаны маңызды. Күзгі сессиядан бастап Сенат пен Мәжіліс жұмысының, сондай-ақ, Парламент палаталарының бірлескен отырыстарының тікелей онлайн-көрсетілімін енгізу бұған септігін тигізетін болады. Сонымен қатар заң шығару үдерісінің аясын кеңейту қажет. Жобаларды әзірлеу кезеңінде оған қоғамдық сарапшылар, парламенттік емес партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдерін тарту керек. Халықты алдын ала ақпараттандыру және тиісті құқықтық жаңалық-өзгерістерді қоғамдық талқылау жөніндегі ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін белсене қолдану керек, - деді Елбасы. Айтқандай, Парламент тарихында алғаш рет қос палатаның кешегі бірлескен отырысы ғаламтор арқылы трансляцияланды.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды кезекті парламенттік сессияның басталуымен құттықтап, зор денсаулық және жемісті жұмыс тіледі.
Владимир БОЖКО, Мәжіліс төрағасының орынбасары:
- Мемлекет басшысы бүгін жоғарғы заң шығарушы орган өз жұмысында назарға алуы қажет басымдықтарды атап көрсетті. Олардың әрқайсысы біз үшін өте өзекті. Атап айтқанда, ел экономикасының ары қарай өркендеуі, дамуды қолдайтын сарабдал бюджеті қабылдау, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту және басқалар. Бұлардың барлығы заңдық қамтамасыз етуді қажетсінеді. Ендеше, біздің бұл сессиямыз үдемелі, қарқынды сипатта өтеді, бірақ, заңдарды қауырт түрде, шикі қабылдауға болмайды. Елбасы белгілеген міндеттерді іске асыру біздің қолымыздан келеді.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Мәжіліс депутаты:
- Елбасы халықтың әлеуметтік жағдайын ешқандай төмендетпеу керектігін нықтап, тиісті шараларына мән берді. Қабылданатын әрбір заң халыққа, елдің әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі керек. Енді заң жобалары қабылданбас бұрын қоғамда талқыланып, қазақстандықтардың пікірі ескерілуге тиіс. Алдағы күндері үлкен, кешенді заң - бюджет жобасы келеді. Онда таяу үш жылдағы республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы көрініс береді. Біз халықтың әл-ауқатын төмендетпеу үшін дүниежүзінде болып жатқан қайшылықтарға, экстремизм мен терроризмге өз елімізде жол бермеуге тиіспіз.