Паром тарифі 40 пайызға өскен: Павлодарда монополиске қатысты тексеріс басталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жергілікті тұрғындар Ертіс өзенінен өткізетін паромдағы қызмет бағасының қымбаттап кеткеніне шағымданған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаменті тергеу-тексеру шараларын бастады.
Павлодар облысы Ертіс ауданындағы жалғыз паромның қызмет құны қымбаттап кеткені жергілікті жұртты алаңдатып отыр. Пароммен тасымалдау бағасы 20-дан 40 %-ға дейін өскен. Кейбір тарифтер 5 мыңнан 8 мың теңгеге дейін артқан.
Көпшіліктің шағымынан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті тексеру жұмыстарын қолға алды.
- Қазіргі уақытта бағаның негізді немесе негізсіз екенін анықтау мақсатында тергеу-тексеру жүргізіліп жатыр. Заң бұзушылық әзірше дәлелденген жоқ, сондықтан түпкілікті қорытынды жасауға ерте, – дейді департамент басшысының орынбасары Әлия Тұрсынбаева.
Өткелдегі тарифтер көлік түріне (жолаушылар, жеңіл автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникасы) қарай сараланады. Биыл жеңіл көліктер де бірнеше санатқа бөлініп, джиптер мен кроссоверлерге бөлек баға енгізілген.
Мамандар аталған өткелді монополиялық сипаттағы нысан ретінде қарастырады, себебі бұл учаскеде Ертіс өзенінің үстінен өтудің өзге баламасы жоқ. Тергеу-тексеру жұмыстары үш айға дейін созылады, қажеттілік туындаса мерзімі ұзартылуы мүмкін. Заң бұзушылық анықталған жағдайда іс сот тәртібімен қаралып, тарифтерді бұрынғы деңгейіне қайтару немесе төмендету туралы шешім қабылданады.
Еске сала кетейік, Павлодарда монополист әртүрлі тарифтерді қолданып, заң бұзған.