Парсы шығанағында Боливияның екі кемесімен байланыс үзілді
АСТАНА. KAZINFORM – Парсы шығанағы аймағында Боливия туы астында жүзіп жүрген екі кемемен байланыс үзілгені хабарланды. Алайда Ирактың теңіз порттарына жауапты қызметтері олардан ешқандай апат дабылын алмаған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ирактың Теңіз порттары жөніндегі бас компаниясының мәліметіне сүйенсек, елдің аумақтық теңіз басқармасы мен іздеу-құтқару орталықтарына аталған екі кемеден ешқандай хабарлама немесе көмек сұраған сигнал түспеген.
Сондай-ақ компания бұл кемелердің Ирактың теңіз аумағына кірмегенін мәлімдеді.
– Парсы шығанағы аймағындағы бірнеше порттың қауіпсіздік органдарынан, сондай-ақ екі кеменің иелерінен байланыс үзілгеніне байланысты қандай да бір мәлімет беру жөнінде хаттар алдық, – делінген INA агенттігі жариялаған арнайы мәлімдемеде.
Ирак тарапы қазіргі уақытта аталған кемелердің нақты қай жерде екенін білмейтінін атап өтті.
Сонымен қатар компания өңір елдерінің іздеу-құтқару қызметтерімен бірлесіп, мониторинг жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.
Айта кетейік, Франция НАТО-ның Ормуз бұғазындағы миссияға қатысу мүмкіндігін жоққа шығарды.