Партияаралық теледебаттар республикалық телеарналар эфирінде өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі сайлауалды науқан аясында республикалық телеарналардың эфирінде партияаралық теледебаттар өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары белгіленген талаптарды сақтай отырып, дебаттар өткізу үшін өз алаңдарын ұсынуға құқылы.
— Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушылар сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталғанға дейін, яғни 2026 жылғы 18 шілдеге дейін, шарт негізінде үгіт материалдарын орналастырудың құны мен талаптары туралы мәліметтерді жариялап, оларды Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға міндетті, — деп атап өтті ол.
Сонымен қатар партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар телеэфирлерге, соның ішінде теледебаттарға қатысуға байланысты шығындарды өздерінің сайлау қорларының қаражаты есебінен төлей алады.
Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы «24KZ» телеарнасында партияаралық теледебаттарды ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясына бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түскен өтінімдерге сәйкес, теледебаттарды Qazaqstan, «7 арна» және Jibek Joly телеарналарының эфирінде өткізу де жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарының мандаттарына қанша үміткер тіркелгенін жазғанбыз.