Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Партиялар жас саясаткерлерге көбірек сенім арта бастады — Талғат Қалиев

АСТАНА. KAZINFORM — Партия басшылығына жас саясаткерлер келе бастады. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылар алаңында айтты.

Талғат Қалиев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сарапшының айтуынша, қазіргі сайлау науқанының басты ерекшеліктерінің бірі — партиялардың ішкі жаңаруы. Бұған сайлау күнінің алдын ала жариялануы да ықпал етіп, саяси ұйымдарға электоралдық додаға тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік берген.

— Қазіргі науқанның басты тренді — партиялар құрамының жаңаруы. Көп саяси ұйымда басшылық біртіндеп жаңа буын саясаткерлеріне ауысып жатыр. Бұл партияларға жаңа идеялар ұсынуға, жақтастарының қатарын кеңейтуге және Құрылтайдың алдағы жұмысының заманауи күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді Талғат Қалиев.

Оның сөзінше, партия ішіндегі өзгерістер жасанды үдеріс емес, қоғам сұранысына берілген заңды жауап.

— Бүгінде азаматтар кадрдың жаңаруын, ашық саяси бәсекені және заманауи сын-қатерлер алдында саяси күштердің бірлесіп әрекет етуін күтеді, — деді саясаттанушы.

Талғат Қалиевтің пікірінше, бұл өзгерістер Қазақстанның партиялық жүйесі біртіндеп жаңа кезеңге өтіп жатқанын көрсетеді. Мұнда енді саяси тәжірибемен қатар қоғамның жаңа сұраныстарына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсына білу қабілеті де маңызды рөл атқара бастады.

Еске қалайық, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында бүгін сайлауалды науқандағы жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып жатыр.