Пастереллезден мыңдаған құстың қырылуына кім кінәлі

ОРАЛ. KAZINFORM — Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғайса Әбсатиров Kazinform тілшісіне пастереллезден келетін қауіп жайлы айтып берді.

құс фабрикасы
Фото: Pexels

— Ғайса Ғарапұлы, пастереллез ауруының негізгі белгілері қандай?

— Пастереллез — көптеген жануарларда кездесетін жұқпалы ауру. Ол жедел ағымда септикалық құбылыстармен, өкпенің крупозды қабынуымен, плевритпен, дененің әртүрлі аймақтарында ісінумен, ал субакуталық және созылмалы ағымдарда іріңді-некротикалық пневмониямен, көздің, буындардың, сүт безінің зақымдануымен және геморрагиялық энтеритпен сипатталады. Пастереллезге үй жануарлары және жабайы сүтқоректілер мен құстардың барлық түрлері бейім. Онымен адам да ауырады. Тауық пен үй қоянында ауру індет (эпизоотия) ретінде байқалады. Төрт түлік мал мен құстардың пастереллезі қазіргі таңда ветеринарияның ең маңызды мәселелерінің бірі саналады. 

ғалым
Фото: ғалымның жеке архивінен

— Өткен жылдың қазан айында Атырау облысы Құрманғазы ауданында киіктерден пастереллез шықты. Бұл неден деп ойлайсыз?

— Жұқпалы ауру ретінде пастереллездің кеңінен таралуының негізгі себебі — қажетті мөлшерде вакцина бөлінбейді, сондықтан мал дәрігерлері уақытында аурудың алдын алу шараларын жасамайды. Қазақстан аймақтарының басым көпшілігінде пастереллез тіркеледі. Осыған байланысты аурудың эпизоотологиясында пастерелла ірі қара малдың қолайсыз шаруашылықтарында 70 пайыз, қойда — 50, шошқада — 45, қоянда — 50-ден астам, тауықтар арасында 35-тен 50 пайызға дейін тасымалданады. 

Киікке келсек, ақбөкендер популяциясының шамадан тыс өсуі олардың қолдағы малмен тығыз байланыста болып, пастереллез инфекциясының таралуына ықпал етеді. 

Ақбөкендердің жаппай қырылу оқиғалары Қазақстанда 1984-1985 жылдары, Батыс Қазақстан облысында 2010-2011 жылдары байқалды. Айта кету керек, БҚО-да жаппай өлімнің себебі пастереллез ғана емес, сонымен қатар пастереллез және инфекциялық энтеротоксемия қоздырғыштарының бірігуіне байланысты болды. Сондықтан Атырау облысында ақбөкендер арасында пастереллез ауруы болуы мүмкін, бұл зертханалық зерттеулермен расталып та отыр.

ақбөкен
Фото: Исатай Сисенғалиев

— Өткен жыл соңында Бәйтерек ауданында орналасқан «Ақас» агрофирмасының құс фабрикасында құс өлімі тіркелді. Осыған байланысты фабрикадағы барлық құс жойыла ма? Шектеу шаралары қандай нәтиже береді? Жалпы, құс фабрикалары мұндай дертке жол бермеу үшін не істеуі керек?

— Иә, «Ақас» агрофирмасының фабрикасында аурудың кесірінен 130 мыңға жуық тауық өртеніп, жойылды. Қалған тауықтар үшін де бұл — қауіпті жағдай. Құстардың бұлай дерттің тырнағына ілігуіне, біріншіден, фабриканың мамандары кінәлі, сонымен қатар АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті БҚО және Бәйтерек аудандық аумақтық инспекциясының басшылары жауапты. Өйткені ешқандай алдын алу шаралары жүргізілмеген. 
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін пастереллезге қарсы түрлі вакциналар бар. Бірақ фабрика басшылығының кінәсінен және ветеринарлық инспекция тарапынан бақылаудың жоқтығынан осындай оқиға орын алды.

— Пастереллез сирек те болса адамға жұға ма? Оның қалай алдын алуға болады?

— Адамдардың пастереллезі негізінен жедел түрде өтеді. Ол — теріні, лимфа түйіндерін, көз және басқа ішкі ағзаларды зақымдаумен, жалпы улану және геморрагиялық белгімен сипатталатын жұқпалы ауру. 

Мұның көзі — ауру жануарлар. Сыртқы ортаға қоздырғыш нәжіспен және тыныс жолдарының сұйықтықтарымен тарайды. 

Пастереллез ауру жануарларды және құстарды сойғанда, етін бөлшектегенде, жұғады. Сондай-ақ кене, шіркейлер адамды шаққан уақытта қоздырғыш тамыр арқылы ішке енеді.
Аэрогенді және алиментарлы арқылы берілу жолдары да бар.

Бұдан құтылу үшін аурудың көзін жою керек. Үй жануарларына пастереллезге қарсы екпе егу қажет. Кеміргіштермен күресу мақсатында дератизация жасалады. 

Жұқпалы дертке жол бермеу үшін ауру малдың етін және басқа өнімдерін пайдалануға тыйым салынады. Шыбын-шіркейлерден қорғану маңызды. Санитариялық-ағарту жұмыстарын ұмытпаған абзал. Қауіпті топтарға (ветеринарлар, малшылар, ет өндірушілер) вакцина егіледі. 

ірі қара
Фото: СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

— Тұрғындар өз малын пастереллез ауруынан қалай аман алып қала алады? 

— Адамдар өз малын аман сақтау үшін ветеринарлық-санитарлық талаптарды міндетті түрде орындауы керек. Пастереллез ауруына қарсы вакцина егу қажет. 

— Қандай вакцинаны қолданған тиімді деп ойлайсыз?

— Вакцинаның түрлері баршылық. Жергілікті ветеринария саласының басшылары бұған баса мән беріп, мамандар тұрғындарға кеңес беріп отыруы керек. Вакцинамен қамтып, малды дер кезінде егу де аса маңызды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн», деп атап өтті. Ендеше, осы тапсырманы мүлтіксіз орындау қажет-ақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда пастереллезден фабрикада құс қырылып қалғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар