Патрульдеу, алғашқы көмек көрсету - болашақ офицерлердің бейнесі қандай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ел басына күн туғанда ерліктің сынға түсері анық. Бүгінгі індет ахуалы күнделікті қасымызда жүрген мамандық иелерінің қаншалықты маңыздылығын айқындай түскендей.
None
None

Бүкіл әлем арпалысып жатқан коронавирус індетіне қарсы дәрігерлер, әскерилер, полиция қызметкерлері нағыз шынайы, бейбіт заманның батырлары іспеттес болып отыр.

Бүгінгі 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай әскери оқу орнында оқып жатқан курсанттар туралы да айта кетсек артық етпес.

Бүгінде аулаларымыз зарарсыздандырылып, қарт кісілер мен мұқтаж азаматтарға азық-түлік жеткізіліп тұрса, ол да болашақ офицерлердің арқасы.

Осындай қысылтаяң сәтте Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары да бұл игі істен тыс қалып жатқан жоқ.

Елбасы жариялаған республикалық #Bizbirgemiz акциясы аясында әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілері соғысы ардагерлеріне, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына азық-түлік қораптарын таратты. Институт курсанттары 15 Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері және 5 аз қамтылған отбасыға көмек көрсетті.

Әскери қызметшілер әр отбасыға мекен-жайы бойынша азық-түлік қораптарып жеткізіп берді.

Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін әскери институт курсанттары Қарулы Күштердің әскери қызметкерлерімен бірге, Ұлттық ұлан бөлімдері мен полиция қызметкерлері күн сайын көше патруліне шығады.

Төтенше жағдай кезінде Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының əскери қызметшілері Дінмұхамед Алтынбек пен Ерзат Бекполов қырағылығымен ерекше көзге түсті.

Алматы көшелерін патрульдеу кезінде олар Жангелдин-Жүргенов көшелерінің қиылысында ұрыдан жәбір көрген қарт адамға алғашқы көмек көрсеткен.

Ұрылар егде жастағы ер адамды пышақтап қолындағы ақшасын алып қашпақ болған.

«Дезинфекция жүргізу кезінде жаяу жүргіншілер жолының жиегінде жатқан қарт ер адамды көрдік. Пышақ жарақатынан қан кетіп жатыр екен. Біз жарақатты қолда бар заттармен таңдық. Таңғыш матаның орнына белбеу қолданып, жедел-жəрдем шақырдық. Барлығын өзімізге үйреткен алгоритм бойынша жасадық», - деді əскери-инженерлік институтының 4 курс курсанты Дінмұхамед Алтынбек.

Қарт кісі көп қан жоғалтқан. Бірақ дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында тірі қалған.

«Сол күні зейнетақы алғанмын. Қолымда ақша салынған əмияным болды. Бір адам менен ақша сұрады, беруден бас тартқаннан кейін пышақпен шынтақ буынының бүгілген жеріне соққы жасады. Жігіттер өз көмектері мен қоса қырағылықтарын көрсетті. Олар менің жарақатымды байлап, қан тоқтатып, жедел жәрдем шақырды. Мен оларға шексіз ризамын. Олардың өмірі мен қызметі сəтті болсын. Əскерилерді кəсіби мамандар даярлайтынына көзім жетті. Осындай жауынгерлер ел қорғаны болып тұрғанда біз тыныш өмір сүре аламыз», - деді Мерген Шымербаев.

Осы институттың курсанттары Ерсұлтан Болат пен Азат Смайыл қауіпті қарумен көшеде жүрген қылмыскерлерді ұстады.

Оқиға Төле би — Саин көшелерінің аумағында болған. Әскерилердің айтуынша, патрульдеу кезінде оларға бір жігіт келіп, екі адамның бірінің қолында гранатаға ұқсас жарылғыш зат барын айтқан.

Дереу іске кіріскен курсанттар күдікті азаматтарды тоқтатып, құжаттарын көрсетуді талап еткен. Бірақ олар сөзге құлақ аспай қашуға ыңғайланған. Курсанттар қашуына жол бермеген.

«Олардың біреуінің қалтасында томпайған зат болды. Кенеттен ол оны жерге лақтырып жіберді. Мен граната корпусы екенін білдім, ал ол гранатаның сақтандырғышын басқа қалтасынан алып, қолында ұстап тұрды. Бұл жарылғыш заттың пайдалануға дайын емес екенін білдіреді», - деді 4-курс курсанты Ерсұлтан Болат.

Ұсталғандар полицияға тапсырылды. Ал гранатаны тәркілеп, тиісті сараптамаға жіберді. Кейін белгілі болғандай, олардың бірі бұрын ұрлық пен қарақшылық үшін сотталған екен. Гранатаның қайдан алынғандығын, қандай мақсатқа пайдалануды көздегенін енді құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

Айтпақшы, Ерсұлтан Болат пен Азат Смайыл кеше «Ел қорғаны» медалімен марапатталды. Медаль Нұр-Сұлтан қаласынан жіберілді.

Айта кетсек, Қазақстан Қарулы Күштері əскери қызметшілері үй-жайлар мен нысандарды, қоғамдық орындарды ауқымды дезинфекциялау жұмыстарын жалғастырып келеді. Алматыда Радиоэлектроника жəне байланыс əскери-инженерлік институтының бөлімшелерімен 5,5 млн шаршы шақырымнан аса аумақ өңделді.

Сондай-ақ, Инстиуттың әскери қызметшілері Алматы қаласының көшелерін, ғимараттарын және қоғамдық орындарын жаппай зарарсыздандыру жұмыстарына белсене атсалысып жатыр.

Жеке зарарсыздандыру жиынтықтарымен бүрку сынды дәстүрлі зарарсыздандыру әдісінен бөлек әскери қызметшілер АРС-14 автоқұйылмалы станциялары арқылы көбікпен зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала көшелері арнайы жуу-зарарсыздандыру ерітінділерімен көпіршіте жуылуда. Химиялық белсенділігіне қарамастан бұл ертінді адамдар мен қоршаған ортаға зиянсыз, аллергия шақырмайды. Осы күнге дейін бұл институттың әскери қызметшілерінен құрылған бөлімше жалпы көлемі 5 млн шаршы метрден асатын 4000 нысанды зарарсыздандырды, бұл жұмысқа 500 адам тартылды.


Соңғы жаңалықтар