Павел Дуров астаналық стартапшы туралы: Одан шеберлік сабағын алатын сияқтымын

АСТАНА. KAZINFORM — Telegram желісінің негізін қалаушы Павел Дуров Астанада стартапшылар байқауында қазылық етті және жеңімпаз астаналықты марапаттап, оның қабілеттерін ерекше атап өтті.

Павел Дуров астаналық стартапшы туралы: Одан шеберлік сабағын алатын сияқтымын
Фото: Айжан Серікжанқызы/ Kazinform

— Мен бүгін көрген нәрселерден қатты әсер алдым. Нәтижелер тамаша! Өкінішке қарай, барлығы жеңіске жетіп, жүлде ала алмады. Бірақ біз жеңіске өте жақын болған көптеген стартапты көрдік және олардың болашақта табысқа жететініне үміттенемін. Әсерімнен бөлек, бүгін естіген және көрген кейбір идея мені шабыттандырды, және бәрі сәтті болады деп сенемін — деді Павел Дуров.

Павел Дуров астаналық стартапшы туралы: Одан шеберлік сабағын алатын сияқтымын
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Сонымен бірге, П. Дуров жеңімпаз стартапшы туралы жылы лебіз айтып, тіпті одан шеберлік сабағын алу керегін жеткізді. Астаналық Нұрәли Сарбақыш білім саласында емтиханның әділ өтуін қадағалайтын TrustExam жобасын ұсынған еді. 

Павел Дуров астаналық стартапшы туралы: Одан шеберлік сабағын алатын сияқтымын
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

— Неге мен осы жігітке жүлде беруді шештім? Оның презентация жасау қабілеті керемет, өте жақсы сөз сөйледі, тіпті өзіме одан шеберлік сабағын алу керек сияқты. Және тағы бір нәрсе — мен сіздің стартапыңыздың сыртқы инвестицияға мұқтаж еместігін түсінемін. Бұл дұрыс жол деп ойлаймын, себебі мен де сыртқы инвестиция тартқан жоқпын, Telegram 100% өз меншігімде. Бұл тәуелсіздікті білдіреді. Тәуелсіздік сіздің командаңызға өз бірегейлігін сақтап, әрі қарай геометриялық қарқынмен өсуге мүмкіндік береді. Әрқашан осылай жалғастыра беріңіз, — деді Павел Дуров астаналық стартапшыға.

Айта кетейік, Digital Bridge-2025 халықаралық форумында Astana Hub Battle стартап байқауы өтті. Онда Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа елдерден келген 80 стартап өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Нәтижесінде алты үздік команда марапатталып, 25 мың АҚШ доллары берілді.

Соңғы жаңалықтар