Павлодар әкімдігі Болгарияға делегация жіберілетінін жоққа шығарды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Павлодардан Болгарияның Бургас қаласына баратын делегацияның тізімі тарады. Құжатта қала әкімі Хасар Хабылбеков, әкімдік бөлімдерінің бірқатар басшылары және әкімнің туған бауыры көрсетілген. 

Павлодар әкімдігі Болгарияға делегация жіберілетінін жоққа шығарды
Фото: Валерий Бугаев

Әлеуметтік желілерде тараған құжатта Павлодар делегациясының Бургасқа сапары 2026 жылғы 16-17 қыркүйекке жоспарланғаны көрсетілген. 

Тізімде қала әкімі, әкімдікке қарасты бөлімдердің кейбір басшылары мен әкімнің туған бауыры бар. Сондай-ақ құжатта өнер адамдарының тізімі бөлек берілген.

Құжатта сапар Бургас муниципалитетінің шақыруы бойынша ұйымдастырылатыны жазылған.
Павлодар қаласының әкімдігі ресми өкілдердің аталған сапарға қатысуы жоспарланбағанын мәлімдеді.

— 2022 жылы Павлодар қаласы (Қазақстан Республикасы) мен Бургас қаласы (Болгария Республикасы) арасында бауырлас қала байланысын орнату туралы меморандумға қол қойылған. Биыл тамыз айында Павлодар қаласының әкімдігіне бауырлас қалалар арасындағы ынтымақтастық аясында Бургас мэриясынан шақыру келіп түсті. Павлодар қаласының әкімі мен әкімдіктің ресми өкілдерінің сапарға қатысуы жоспарланбаған, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар әкімдік өкілдері Павлодар өнерпаздарының Бургасқа баруы жоспарланып отырғаны немесе отырмағанын нақтылаған жоқ.

Еске сала кетейік, Павлодарда жоғары лауазымды шенеунік 50 мың теңгелік сыйлық алғаны үшін 1 млн теңге айыппұл арқалады