Павлодар алюминий зауытында қос жұмысшы зардап шекті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Алюминий зауытындағы жазатайым оқиға 16 мамыр күні түнгі уақытта кептіру аймағын тазалау кезінде болған. Қазіргі сәтте зардап шеккендердің бірі ауруханада жатыр.
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Алюминий зауытындағы жазатайым оқиға 16 мамыр күні түнгі уақытта кептіру аймағын тазалау кезінде болған. Қазіргі сәтте зардап шеккендердің бірі ауруханада жатыр.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінен хабарлағандай, жұмыс процесі барысында № 3 пеште жиналып қалған материалдың бір бөлігі опырылып құлаған. Сол сәтте аумақта диірмен машинисі мен агломерация цехының агломератшысы болған. Оқиға салдарынан диірмен машинисінің оң жақ аяғының жіліншігі сынса, екінші жұмысшының оң жіліншігі қатты соққы алып, көгерген.
— Қос қызметкерге де жедел түрде алғашқы көмек көрсетіліп, облыстық ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесі бойынша агломератор үйіне жіберілді, ол әрі қарай амбулаторлық ем қабылдайды. Ал диірмен машинисі ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлады Павлодар алюминий зауытынан.
Оқиғадан кейін кәсіпорынға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның қызметкерлері барған. Тексеру қорытындысы бойынша қауіпті өндірістік нысанда апат белгілері анықталған жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмысшы қаза тапқанын жазғанбыз.