Павлодар — Астана бағытындағы ақылы автобан қатты ыстықтан опырылып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Астана — Павлодар автобанында жол жабыны аптап ыстыққа шыдамай, көтеріліп кеткен. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің қызметкерлері бүлінген учаскеде асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

БАКАД дорога трасса автобан жол
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Әлеуметтік желіде I А санатындағы ақылы «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы (Қосақ ө/п)» автомобиль жолының Павлодар — Астана бағыты бойынша 1356-шақырымында бетон жолдың қатты ыстыққа шыдамай көтеріліп, опырылып түскені туралы видео тарап кетті.

Белгілі болғандай, ауа температурасы +37°С-қа дейін көтерілуіне байланысты жолдағы цемент-бетон жабынының плиталары көтеріліп, опырылған. 

— Қазір уақытша жол белгілерін орнату жұмыстары орындалды. Цемент-бетон жабынын бөлшектеу, сондай-ақ деформацияланған учаскеде асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстарға 1 компрессор, 1 тігіс кескіш, 1 гидробалға, 2 бұзғыш балға, 1 тиегіш, 2 самосвал, 1 жол катогы және 14 қызметкер жұмылдырылды. Сонымен қатар аталған автомобиль жолында тұрақты негізде патрульдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» мекемесінен.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерден жөндеу жүріп жатқан учаскелерде мұқият болуды, уақытша жол белгілерін сақтауды және жылдамдық режимін қатаң ұстануды сұрайды.

Мұндай келеңсіз жағдай былтыр да осы уақытта болған еді. Араға жыл салып тағы қайталанып отыр.