Павлодар автожолдарында 4 мыңға жуық ақау анықталған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жолдарды қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны үшін 277 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жол ақау
Фото: ҚазАвтоЖол

Өңір полицейлері облыстағы автожолдарды тексеру барысында 4 мыңға жуық ақауды анықтады. Жол-техникалық инспекция қызметкерлері белгіленген нұсқаулықтар мен нормативтерге сәйкес, күнделікті бақылау жүргізу арқылы автожолдардың жай-күйіне мемлекеттік қадағалауды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.

– Тек биыл жыл басынан жалпы ұзындығы 26 мың шақырым болатын автожолдарға 1345 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 3880 ақау анықталды. Жолдарды қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны үшін 277 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Мысалы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерімен бірлесіп, автожолдардың жағдайы және олардың қысқы кезеңге дайындығы тексерілген. Тексеру барысында жол жабынының бүлінуі, жол белгілерінің тозуы, жарықтандырудың жеткіліксіздігі және қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да мәселелер анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою үшін белгіленген мерзімдермен нұсқамалар берілді.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері 2 мыңға жуық адам жол апатынан қаза тапқан.

Соңғы жаңалықтар