01:16, 29 Тамыз 2015 | GMT +5
Павлодар экологтары күкірт диоксиді қалдықтарын шығаруды нормадан асырған компанияға айыппұл салды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда экологтар «KSP Steel» ЖШС-ына күкірт диоксиді қалдықтарын лақтыруды шекті нормадан асырып жібергені үшін 320 мың 370 теңгеге айыппұл салды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экология департаменті бастығының орынбасары Жомарт Кәрімов мәлім етті. - «KSP Steel» серіктестігі арнайы құралдармен өлшеу жасалғанда күкірт диоксиді қалдықтарын лақтыруды шекті нормадан асырып жібергені анықталды. Бекітілген қалдықтардың шекті нормасы секундына 1,192 грамм болғанмен, концентрация құрамы 2,090 граммды құрады, - дейді Ж. Кәрімов. - Бұл шамадан тыс көрсеткіш үшін «KSP Steel» заңды тұлға ретінде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексінің 328-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Департамент өкілінің айтуынша, айналаға қоршаған ортаға келтірілген шығын көлемін бағалау сомасы 281 мың 923 теңгені құрады. Бұл ретте көрсеткіштің арту себебін анықтау мүмкін болмаған.