«Павлодар картобы-2015» жәрмеңкесінің алғашқы күні 875 млн теңгеге 25 тонна картоп саудаланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 қыркүйек күні өткен «Павлодар картобы-2015» жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша 875 млн теңгеге 25 мың 100 тонна көкөніс тасымалдау бойынша 12 келісім жасалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ернұр Әйткеновтің айтуынша, павлодарлық картопты сату акциясы тағы бірнеше күнге созылады. Өнім келісінің орташа бағасы - 35 теңге шамасында.
- Жәрмеңке қорытындысы бойынша «Алтынды ПВ» ЖШС астаналық «Laim Group Company» ЖШС-мен 2100 тонна, алматылық «Метро» сауда кешенімен екі мың тонна, «АПК Үміт» ЖШС-мен үш мың тонна және «АзияАгроХолдинг» ЖШС-мен мың тонна картоп тасымалдау жөнінде келісімшарт жасасты. Ал «Ақтоғай-Агро» ЖШС «Атырау» ӘКК-на мың тонна көкөніс жеткізетін болады. «Маяк» ШҚ «АПК Үміт» ЖШС мен «Атырау» ӘКК-на екі мың тонна өнім тасымалдау туралы бітімге келді. «Агросоюз» ФК «Атырау» ӘКК-на екі мың тонна картоп сататын болды. Аталған кәсіпорын жергілікті «Лейла» ШҚ-нан да осындай көлемде өнім сатып алды. «Тоғаз ШҚ» ЖШС Шымкенттегі «Зурпиева Ж.М» ЖК-не мың тонна «екінші нанды» тасымалдамақ. Сондай-ақ «Андас» ШҚ-ның алқаптарында өсірілген үш мың тонна картоп «Атырау» фирмасына, «Кеңес Агро» ЖШС-нің төрт мың тонна өнімі Астана қаласына жөнелтілмек, - дейді басқарма басшысы.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде өнімді Ресейге тасымалдау жөнінде бірде бір келісім жасалмаған. Алайда, бүгінгі жәрмеңке жұмысына қатысқан Омбы және Тюмень қалаларының кәсіпкерлері павлодарлық картопқа қызығушылық танытқан.