10:53, 17 Қаңтар 2009 | GMT +5
Павлодар кәсіпорындарында дағдарысқа қарсы бағдарлама орындалуда
ПАВЛОДАР. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Павлодар мұнай-химиялық зауыты», «Қазэнергокабель» және «Павлодарэнерго» компанияларының басшыларымен болған кеңесте дағдарысқа қарсы бағдарламаның облыс орталығындағы кәсіпорындарда орындалуын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамында өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында нақты көлемнің индексі 114,8 пайызды құрады. Екі электр стансасында 2054 адам жұмыс істейді. Штат санын азайту, жұмыс күнін қысқарту немесе қосымша жұмысқа ауыстыру сияқты шаралар бізде жоқ, деп мәлім етті компанияның басқарма төрағасы Анатолий Дука. Жалақы да тұрақты және толық көлемде төленіп отыр. «Қазэнергокабель» АҚ-ында өткен жылдың желтоқсан айында 4 күндік жұмыс апталығына ауыстырылған 136 жұмысшы қаңтардың 1-інен бастап толық кестемен еңбек етуде. Еліміздің алғашқы кабельдік кәсіпорнының цехтарында 492 адам еңбек етеді. Желтоқсан айында жұмыс күні қысқартылған кезде олардың орташа жалақысы 8,3 пайызға төмендеді. Кәсіпорынның әлеуметтік пакетінде жұмысшыларды жұмысқа және үйлеріне автобуспен тегін жеткізу, түскі асқа дотация, материалдық көмек қарастырылған, дейді компанияның бас директоры міндетін атқарушы Жафар Махмұдов. Ал «Павлодар мұнай-химиялық зауыты» акционерлік қоғамы нақты көлемінің индексі желтоқсан айында, оның алдындағы қараша айымен салыстырғанда, 88,2 пайызға төмендеді - бұл кәсіпорындағы алыс-беріс мұнай айналымының азаюынан. Бас директор Валерий Фоминнің атап көрсетуінше, зауытта жалақы төмендету, жұмысшылар санын қысқарту немесе қысқартылған жұмыс күніне ауысу орын алған жоқ. Кәсіпорында сондай-ақ, жұмысшылар үшін әлеуметтік пакетті қамтамасыз ететін ұжымдық шарт жасалған. Профилакторий, асхана, демалыс базасы жұмыс істеп тұр, түрлі әлеуметтік төлемдер беріліп отырады.Павлодар әкімі Бәкір Демеуов аз қамтамасыз етілген тұрғындарды еңбекпен қамту және оларға қолдау көрсету жұмыстары жайлы әңгімелеп берді. Еңбек рыногында өткен жылы халықты еңбекпен қамту көрсеткіші өскен, жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызға дейін төмендеген. Жұмыссыздар оқуларға, қайта дайындықтан өтуге тегін жіберілуде, оларды еңбекпен қамтудың деңгейі 60 пайызды шамалап отыр.