Павлодар қос халықаралық әуе рейсі үшін транзитке айналады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биыл күзде Омбы-Павлодар-Ташкент және Новосібір-Павлодар-Ташкент бағыттары бойынша халықаралық транзиттік әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр.
Павлодар облысының делегациясы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін таныстыру барысында басым бағыттардың бірі - авиациялық инфрақұрылымды дамыту екеніне тоқталған.
- Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін, биылғы қыркүйекте Омбы-Павлодар-Ташкент және Новосібір-Павлодар-Ташкент бағыттары бойынша халықаралық транзиттік әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр, - деп хабарлады облыстық әкімдіктен.
Сондай-ақ халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Өзен логистикасының тиімділігін арттыру мақсатында Павлодар өзен портында қосымша айлақтың құрылысы аяқталған. Ертісте көлемі 1,2 млн текше метрден асатын өзен түбін тереңдету жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна» автокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл күзде республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар-Успенка-Ресей Федерациясының шекарасы» автокөлік жолындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірді ашу жоспарлануда.
Бұл жоба жүк көліктерінің жүру бағытын 60 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Қосақ», «Шарбақты» және «Үрлітүп» халықаралық автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.